$539.54 €637.09 ₽6.52
×

Қытай инвесторлары Шығыс Қазақстан облысына балабақша салады

AstanaTV
08.09.2015ж. 10:00
Қытай инвесторлары Шығыс Қазақстан облысына балабақша салады

Түркия мен Қытайдың құрылыс компанияларымен жасалатын концессиялық келісімшарттар негізінде Шығыс Қазақстан облысына 100 миллиард теңгеден астам шетел инвестициясын тартпақ. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов арнамызға берген арнайы  сұхбатында айтты.

Аталған мақсаттағы алғашқы келісімшарттарға қол қойылыпты. Шығыс Қазақстан облысы бұл тәсілді тұңғыш рет қолға алып отыр. Өскеменде 4 миллиард теңгеге 6 балабақша, Семейде құны 3 млрд теңгеге жуықтайтын тағы 5 мектепке дейінгі мекеме салынып жатыр.

Нақтырақ тоқталсақ, Қазақстан тарапы Қытай мен Түркия компанияларының құрылысына қажетті жер телімдері мен дайын типтік жобалар ұсынады. Құрылыс аймақтары да бекітілген. Қаржыны шетелдік инвестор өзі құяды. Ал, балабақша құрылысы аяқталған соң, олар мемлекет меншігіне тапсырады. Сонда ғана мемлекет құрылыс мекемесіне кезең-кезеңімен есептеседі.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Нәтижесінде құрылыс толықтай аяқталғанша, бюджеттен бір тиын да жұмсалмайды. Кейін біртіндеп 7 жылдан астам мерзім ішінде төлеп береді. Ал шетелдік компания мектепке дейінгі мекемені басқарады, қосымша дивидендтер алады. Мемлекеттік тапсырыс алуға да көмектесеміз. Осылайша концессиялық құрылыс арқасында балабақшалардағы орынды 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін 4 жарым мың орынға жеткізуіміз керек. Бұл бір жаңа істің бастамасы.

Бізге белгілі болған тағы бір жайт, ол аймақта концессиялық жобалар арқылы Өскемен мен Семей қалаларындағы көшелерге қуат үнемдеуші жарық шамдарын орнату көзделіп отыр. Одан бөлек жылу орталықтары мен тазалаушы қондырғылар да осы жобалар арқылы жөнделмекші. Жоспарланған жобалар 100 миллиард теңгеден астам қаражатқа бағалануда.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Демек, инвестордың қолында бар қаражат бос жатпайды деген сөз. Олар өз елдерінде таба алмайтын табысты бізден ала алады. Біздің жұмысымыз бен біздің мемлекетіміздің инвестиция тартуының тиімділігі осында. Қытай мен Түркия инвестициясына қазақстандық жабдықтар мен құрылысшыларды қосыңыз. Осылайша, олар біздің жобаларымызға қуана келіседі. Концессиялық талаптарда тек республика аумағындағы өнімдерді ғана пайдалану қажеттігі айтылған.

Айжан ҚУАШ