$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Түркияда жарылыстар жиілеп, бір жарым айда ішкі істер министрлігінің 103 сарбазы қаза тапқан

AstanaTV
08.09.2015ж. 13:00
1174
Түркияда жарылыстар жиілеп, бір жарым айда  ішкі істер министрлігінің 103 сарбазы қаза тапқан

Түркияның Хаккари облысына қарасты елді мекенде жойқын жарылыс болды. Террорлық ұйым ретінде танылған  Күрдістан жұмысшылар партиясының содырлары Түркия қарулы күштеріне тиесілі «кобра» деп аталатын бронды әскери техниканы жарып жіберген. Жергілікті басылымдар таратқан ақпар бойынша, 20-дан аса әскер оқиға орнында көз жұмады. Ал жараланған 8 сарбаз  ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ, тағы бірнешеуін лаңкестер кепілдікке алған болуы мүмкін, деген ақпар бар. Түркиядан тілшіміз Самат Сүлей сабақтайды.

Бұл - Түркияның шығыс бөлігі. Ирак және Сириямен іргелес жатқан өңір. Бұл маңда  Күрдістан жұмысшылар партиясының содырлары ең көп шоғырланған, әрі Түркияға кіріп шығуға оңай нүкте, - дейді қарулы күштердің өкілдері. Күн райының қолайсыздығын пайдаланған лаңкестер қашықтықтан басқарылатын мина орнатқан. Жарылғыш зат жол бойына шамамен жүз метрге дейін жасырылған сыңайлы.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Жарылғыш заттың ұзақтан басқарылғаны белгілі болды. Қарулы күштер штабының мәліметіне сай, үш рет іске қосылған. Бұл біз үшін аса қайғылы оқиға. Алдағы уақытта терроризмен күресті күшейтетін боламыз.

Суық хабарды ести сала премьер-министр Ахмет Дәуітоғлұ құзырлы орган басшыларын жедел жинады. Жиын екі сағатқа созылғанмен, қаза болғандар жайлы ресми ақпарат айтылмады. Дегенмен, жойқын жарылыстан алғашқыда 16 сарбаз мерт болса, кейін олардың саны 21-ге жеткені жарияланды. Терактіге қатысқан содырлар 250-ден асады деген ақпар айтылуда. Тағы бір қанды оқиға Түркияның Диярбақыр қаласында тіркелді.  Полицейлер мен лаңкестер арасында атыс болып, арнайы жасақтың 2 сарбазы көз жұмды. Сондай-ақ, Жизре ауданында коменданттық сағат жарияланды.

Тахир Елчи, Диярбақыр қаласының адвокаттар қауымдастығының төрағасы:

Үкіметтегілерге ел ішіндегі қауіпсіздік шараларын ертерек қолға алыңыздар. 100 мың халқы бар ауданның тыныштығын сақтап қалу керек деп, жан айқайымызды жеткізген едік. Тұрғындардың үрейін ұшырып, мазасын алмау үшін. Өтінішіміз аяқасты болды. Лаңкестер қала кезіп, полицейлермен атысуда. Бейбіт халық үшін қауіпті.

Еске салайық, соңғы бір жарым айда Түркияның тыныштығы бұзылды. Күрдістан жұмысшылар партиясының содырлары әскерилерге оқ атып, әртүрлі жарылыстармен мазалауда. Жергілікті ақпарат агенттіктері зерттеу жүргізіп, бір жарым айда  ішкі істер министрлігінің 103 сарбазы лаңкестердің қолынан қаза тапқанын жария етті. Сонымен қатар елдің шығысындағы Диярбақыр, Шырнак, Мардин қалаларында лаңкестер 30 аса жарылыс ұйымдастырды.

Самат СҮЛЕЙ