$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Таразда 18 баспана сот шешімімен сүрілуі мүмкін

AstanaTV
09.09.2015ж. 10:00
1717
Таразда 18 баспана сот шешімімен сүрілуі мүмкін

Таразда сот шешімімен баспаналары сүрілуі тиіс он сегіз отбасы қалалық әкімдік ғимараты алдына жиналды. Жергілікті билік «соттан ешқандай ресми хат алған жоқпыз» деп халықты сабырға шақыруда. Апелляциялық сот ауданаралық экономикалық мамандандырылған соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған еді. Тұрғын үйлердің заң талабына қайшы орналасқанын алға тартқан сот "барлығы сүрілсін" деген шешім шығарған. Оқиғаны бақылауына алған аймақтағы әріптесім Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Бұл дау былтыр басталған. «ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы "қауіпті аймақтан халыққа жер берді" деп, жергілікті әкімдікті сотқа берген еді. Сот отырыстары өтіп, күні кеше апелляциялық сот іске қатысты өз шешімін жария еткен. Шаһар шетіндегі «Береке» және «Коммунальник» саяжайларына қарасты 18 жекеменшік үй, "қызыл сызықтың" бойында тұр. Яғни трансшекаралық газ құбырына жақын орналасқан. Осыған орай "баспаналар сүрілсін» деген. Мұны естіген тұрғындар «атқамінерлерге алданып қалдық» деп ашынады.

Гүлхатша Кенесарива, Тараз қаласының тұрғыны:

Жерді берген әкім, құжаттарға қол қойған әкім. Енді біз әкімге бармағанда, қайда барамыз? 

Әлібек Қанатбаев, Тараз қаласының тұрғыны:

2007-2008 сегізінші жылы заңдастырғанмын. Газға жақын болмасын деген заң 2013 жылы шыққан. Мен ол кезде үйімді салып, сол жерде тіркеуде тұрамын. Техпаспорт, госакт - барлығы бар. 

Жергілікті биліктің ақпарына сенсек, «Береке» және «Коммунальник» саяжайындағы жер телімдері 2005- жылдары Жамбыл ауданы құрамында болған тұста берілген. Кейін қос саяжай қала құрамына өтіп құжаттар қайта  рәсімделіпті. Сол уақыттағы талап бойынша үйлер мен құбыр арасы 50 метр алыс болуы тиіс. Ал 2013 жылы талап өзгеріп, бұл көрсеткіш 150 метр болуы тиіс делінген. «Сот соңғы талап бойынша шешім шығарып отыр, сондықтан халықпен біргеміз, соңына дейін күресеміз», - дейді атқамінерлер.

Жақсылық Сапаралиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Тараз қаласы әкімдігімен соғылған тұрғын үйлерді бұзылсын деп, ауызша айтылған болатын. Бірақ ресми жауап алған жоқпыз. Халықтың мүддесін қорғайтын боламыз, акционерлік қоғаммен ары қарай да соттасатын боламыз. Өзіміздің дәлелдерімізді келтіретін боламыз.

«ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы «Тараз» магистральды құбырлар басқармасы да райынан қайтар емес. Ал бұқара мен билік сот үкімі ауызша айтылды десе де, шешім заңды күшіне еніп қойған.

Диас Махамбетов, Жамбыл облыстық сотының баспасөз хатшысы:

Кеше 7 қыркүйек күні сот болды. Апелляциялық сот  бұған дейін шығарылған шешімді өзгеріссіз қалдырды.  Яғни сот алқасы Тараз қаласы әкімдігіне баспаналарды сүру бойынша шара қолдануды міндеттеді. Ал сүрілетін үйлерінің құнын анықтауды жүктеді. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Алайда, жеңіліп қалған жағдайда, тұрғындар талайдан бері тұрып жатқан жерлерінен қайта қозғалып, баспана салудың тауқыметін тағы да тартқысы жоқ. Жерасты құбырына жақын соғылған 18 үйдің жермен-жексен болуына түбейгелі қарсы.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ