$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбелік лаңкестер нұсқауды Сириядан алған - Қ.Қасымов

AstanaTV
14.06.2016ж. 20:00
1813
Ақтөбелік лаңкестер нұсқауды Сириядан алған - Қ.Қасымов

Ақтөбелік лаңкестер нұсқауды Сириядан алған. Жауап алу кезінде олар өздеріне дыбыстық жазбада үндеудің түскенін мойындады.  Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов есептік кездесуде айтты. Жалпы уағызға сеніп, жиһадқа дайындалғандардың саны 45 адам болған. Кейін 19 адам райынан қайтып, қанды қырғынды 25-і жасады, - деді еліміздің бас полицейі. Сондай-ақ министр қаза тапқан бейбіт тұрғынның саны бесеу екенін мәлімдеді. Бірақ кім екенін, қай жерде қаза болғанын нақтыламады. Әсемгүл Мұхитқызы толықтырады.

Министр Қалмұханбет Қасымов есептік кездесуге сайланып келгені байқалды. Бас полицей әуелі елді елең еткізген Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға тоқталды. Айтуынша, бастапқыда содырлардың саны 45 болған. Бірақ, белгісіз себептермен оның 19-ы райынан қайтады. Дүкенге барар жолда тағы біреуі бас тартып, ақыры 25 адам жиһад жасауға бел буған. 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Үгіт жүргізген имам Сириядан деген болжам бар. Тергеу анықтайды. Бірақ сол жиналған 45 адам дыбысты үндеуді тыңдаған. Соны естіп, бұлар жиһад жасаймыз деп шешеді. Кім барады дегенде, қолдағандар көшеге шыққан болып отыр.

Бұған дейін министрлік лаңкестердің түзету мекемелеріне шабуыл жасамақ болғанын хабарлаған еді. Бүгін Қалмұханбет Қасымов сол 25 содырдың жетеуі бұрын сотталған, қалғандары бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты. Ал бұдан былай сауда орындары мен мейрамхана, дәмханаларда бейнекамера орнату міндеттелмек. Мұның қоғамдық тәртіпті сақтауда көмегі зор, - деді министр.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Біз қаладағы түрлі нысандар қожайындарын, ол дүкен бе, дәмхана ма, мейрамхана ма - бәрібір, барлық ғимараттарда міндетті түрде бейне-бақылау камераларын орнатуды заңды тұрғыда міндеттейтін боламыз. Бұл - әлемдік тәжірибе. Бірақ бұлардың камералары ақпараттық басқару орталығына жазбаны бірден жібере алатындай, біздің жүйедегі камералармен сәйкес болуы шарт.

Тағы бір гәп - қару-жарақ дүкендерінің өзінде,- деді Министр. Қазақстанда мұндай 123 сауда нүктесі жұмыс істейді. Тек олардың тірлігін реттеген ешкім жоқ.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Қару-жарақ бөлімдері тіпті спорттық киімдер дүкендерінде де бар. Киім алып тұрып, қару сатып алуға болады. Әлемдік тәжірибеде бұл басқаша. Осы бағытта олқылыққа жол бергеніміз рас. Сондықтан қару-жарақ дүкендері иелеріне қоятын талапты күшейтеміз. Бірақ бұл аңшылық қаруды сатуға тыйым салу деген сөз емес. 

Қазіргі уақытта министрлік қызметтік тексеріс бастаған. Өйткені қару-жарақ дүкендеріне де, қызмет атқару тәртібіне де қойылатын сұрақтар көп, - деді Қалмұханбет Қасымов. Мәселенің ақ-қарасы анықталған соң, нақты шара қолданылмақ. 


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ 

\