$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Вуэльта» көпкүндігінде «Астана» командасының капитаны Фабио Ару жеңімпаз атанды

AstanaTV
14.09.2015ж. 13:00
932
«Вуэльта» көпкүндігінде «Астана» командасының капитаны Фабио Ару жеңімпаз атанды

«Вуэльта» көпкүндігінде «Астана» командасының капитаны италияндық Фабио Ару жеңімпаз атанды. Сөйтіп, «қызыл жейде» Арудың еншісіне тиді. Ал АҚШ-тың ашық біріншілігінде өнер көрсетіп жатқан қазақстандық теннисші Ярослава Шведова жұптасып өнер көрсету бәсекесінің ақтық сынында жеңілді.



Веложарыстан «Вуэльта» көпкүндігі мәреге жетті. Биыл 70-ші рет жалауын көтерген бәсекеде «Астана» командасының капитаны италияндық Фабио Ару жеңімпаз атанды. 21 кезеңге созылған жарыс Андорра князьдігінен бастау алып, кеше  Испания астанасы Мадрид қаласында аяқталды. Велошабандоздар осы аралықта 3300 шақырым жолды артқа тастады. Сайыс барысында «Астана» командасының үміт артқан спортшысы Винченцо Нибали жарыстан шеттетілген болатын. Командаласының қолдауынан айрылған Ару өзіне жүктелген сенімді ақтай білді. Беделі жағынан Тур де Франс пен Джиро дИталияға ғана жол беретін бәсекеде топ жару - кез-келген велошабандоздың арманы. Жалпы, сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздың «қызыл жейдесін» «Астана»  капитаны Фабио Ару еншілесе, екінші орынды «Катюша» командасының велошабандозы испандық Хоаким Родригес иеленді. Үздік үштікті «Тинкофф Саксо» өкілі поляк Рафал Майка түйіндеді.



Теннистен АҚШ-тың ашық біріншілігінде өнер көрсеткен отандасымыз Ярослава Шведова жұптасып өнер көрсету бәсекесінің ақтық сынында жеңіліс тапты. Әріптесі американдық Кейси Деллакуамен бірлесіп, талай қарсыласты жолда қалдырған қос мықты финалда Швейцария теннисшісі Хингис пен Үндістан спортшысы Мирзаға жол берді. Қорытынды есеп - 3:6, 3:6.