Ресей
кеден қызметі қазақстандық жүк көліктерін шекарадан жібере бастады. Бұл туралы
«Атамекен» ұлттық палатасының экономикалық интеграциялар департаментінің
басқарушы директоры арнайы баспасөз брифинг барысында жариялады. Дана
Жүнісованың айтуынша, Федералды кеден
қызметімен ұзақ уақыт келіссөздерден соң, қазақстандық жүк тасымалдаушылар
кедендік бақылау аймағынан шығарылып жатыр. Анық болғандай, қазіргі күні
Ресейдің кеден бекеттерінде ешқандай қазақстандық жүк көліктері қалмаған.
Естеріңізде болса, өткен аптада Еуропадан Қазақстанға бет алған жүк көліктерін Ресей кеденшілері заңсыз тоқтатып, тексеріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл
мамырдың соңында Еуразиялық экономикалық одақтың үкімет басшылары Бурабайда қол
қойған келісімдеріне қайшы. Инвестициялар және даму министрлігі көлік
комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев осылай деген болатын. Десек те, «Атамекен»
өкілдері Ресей жағы неліктен 150-ден астам қазақстандық жүк көлігін бір аптадай
кеден бекеттерінде ұстағандарын түсіндірмеген.
Дана
Жүнісова,
«Атамекен» ұлттық палатасының экономикалық интеграциялар департаментінің
басқарушы директоры:
Біз әлі Федералдық кедендік
қызметтен қандай негізде қазақстандық жүк көліктерін тоқтатқаны туралы ресми
жауап алған жоқпыз. Қазіргі
күні тұрақты түрде жүк тасымалдаушылармен хабарласып, жағдайларын бақылауда
ұстаудамыз. Соңғы ақпарат бойынша, олар Ресей кеденінен еш кедергісіз өтіп
жатыр.
Берік ХАСЕНОВ