$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қазақстанда астық жинау науқанының 41 пайызы орындалды

AstanaTV
14.09.2015ж. 20:00
1382
Қазақстанда астық жинау науқанының 41 пайызы орындалды

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты биыл Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында астық түсімі төмен болуы мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров көшпелі баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.

Айтуынша, бүгінде Қазақстанда астық жинау науқанының 41 пайызы орындалған. Оңтүстік өңір диқандары егістікті орып біткен. Ал Солтүстік аймақ аграрийлері егін жинау науқанын қыркүйек айының аяғына дейін бітіруі тиіс. Ауа-райы кедергі келтірмесе, Қазақстан диқандары биыл 17 миллион тонна астық жинауды жоспарлап отыр.

Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

«Қазғарыш» акционерлік қоғамымен бірігіп, мына астықтың шығу жағдайына космостық мониторинг жасаймыз. Осы космостық мониторингтің берген алғашқы ақпаратына байланысты, астықтың жиыны, тазалағаннан кейінгі салмағы 17,3 миллион тоннаны құрайды деп жоспарлап отырмыз.

Ал «ҚазАгро» акционерлік қоғамы өкілдерінің айтуларынша, жалпы биылғы егін ору науқанына 60 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде шаруашылықтарға ораққа қажет комбайндар мен техника алу  мақсатында 25 миллиард теңге қарастырылған. "Қазіргі таңда бұл қаржының тең жартысы игеріліп, лизингтік бағдарлама бойынша қожалықтарға 1300-ге жуық техника жеткізілді", - деді холдинг өкілдері.

Ринат Кемешов, «ҚазАгро» АҚ ресми өкілі:

1877 өтініш келіп түскен болатын. Осының барлығы жалпы құны 25 миллиард теңгеге тұратын техникаға түскен болатын. Қазіргі таңда 1300-ден астам техниканы біз лизингтік шарттар бойынша біздің шаруа қожалықтарына беріп үлгердік. Оның жалпы құны 13, 3 миллиард теңгені құрап отыр.

Жұрағат БАМАН