Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шымкентте Ынтымақ-2 шағын ауданы тұрғындары үйлері тұрған жердің белгілі бір бөлігі мемлекет қажеттілігі үшін алынуына қарсы

AstanaTV
14.09.2015ж. 20:00
1403
Шымкентте Ынтымақ-2 шағын ауданы тұрғындары үйлері тұрған жердің белгілі бір бөлігі мемлекет қажеттілігі үшін алынуына қарсы

Шымкентте тағы да жер дауы. Бұл жолы Ынтымақ-2 шағын ауданындағы жетпіске жуық отбасы, «бір метр де кері шегінбейміз», деп отыр. Айтуларынша, үйлері тұрған жердің белгілі бір бөлігі мемлекет қажеттілігі үшін алынбақшы. Яғни олар тұратын аумақтан қала үшін маңызды күре жол салынады. Жергілікті биліктегілер болса, бұл шаһардың жаңа бас жоспарына сәйкес енгізілген өзгеріс, дегенді айтады. Тараптардың пікірін тыңдап қайтқан әріптесім Айзада Төребекқызы  тарқатады.

Ені 35 метр болатын үлкен жолдың құрылысы, қазір көріп тұрғанымыздай, басталып кеткен. Жоспарға сәйкес мұнда екі жақты жолдан бөлек, ені 4 метр 65 см болатын көгал мен аяқ жол да салынуы тиіс екен. Сондықтан осындағы 69 отбасының бірінің қоршауы, қора-қопсысы кетсе, кейбірінің тіпті үйі бұзылатын қауіп төніп тұр.

Тұрғындардың тілегі біреу: «Жоба қайта қаралсын»,- дейді. Айтуларынша, қолдарына бұл жайында ескерту хабарламалары өткен аптада тиіпті.  Мемлекет мұқтажы үшін бірі жеті метр, ал енді бірі үш метр жерінен айрылғалы отыр. Бәрінен бұрын баспанасы жол үстіндегілерге қиын болып тұр. Мәселен, Тоғжан Ерімбетованың үйінің бір бөлігі түгел сүрілетін болған.

Тоғжан Ерімбетова:

Менің үйім тура жолдың бойында орналасқан. Забор және 3 метр үй. Үйімнің шеті түгел үш метр кетіп тұр. Әкімшілік маған айтып тұр, 1,30 см кіріп тұр, дейді. Мердігер компания менің үйімнің үш метрі, жатын бөлмем кетіп тұр менің үйімнің. Мұны қалай түсінуге болады?

Тынышкүл  Орманбекова:

Жол мәселесін қайтадан қарасын!

Аумағы қайта қаралып жатқан алпыс тоғыз үйдің екеуі түгелдей бұзылуға жатады. Үлкен жол Айтмұхан Әйтішевтің үйінің дәл үстінен өтетін болыпты. Осында 2009 жылдан беру әурпірімдеп тұрғызған үйінде тұрып жатқан отбасы әу-баста ескертілмегеніне наразы. 

Айтмұхан Әйтішев:

Алдымыз қыс. Жаз болса, көктем болса, мейлі екен. Бір амалын жасайтын. Онда да қазір қиын кезде білмеймін енді қалай не болатынын?

Жанна Бөденбаева:

6,5-7 метрге жуық жол түседі деп отыр. Біздікі де кетеді, көршінікі де кетеді. Қайда барамыз біз енді?

Азаматтармен кездесуге жергілікті билік өкілдері келіп жетті. Тұрғындардың талап-тілегін де тыңдады. Шенділердің сөзінше, бұл маңызды үлкен жол болмақ. Үшінші мегаполис болатын шаһардың  келешекте инфрақұрылымын тартуға да орын  қалуы тиіс. Дегенмен жобалық сметалық құжатты қайта қарауға әзірміз ,- деді.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Бізде осы мұқтаржарға арналған инженерлік-коммуникациялық жүйелер жүргізуге арналған  жасыл жол деген бар, сол жолмен вариация жасап, мүмкіндігінше тұрғындардан учаскелеріне залал келтірмеу мәселесін орындаймыз. 

Қазір арнайы комиссия үй-үйді аралауға кірісіп кетті. Қай учаскенің қанша аумағын сақтап қалуға болатыны есептеледі. Тек баспанасы дәл жолдың үстіне түсетін үйлерге қиын соқпақ. «Оларға нарық бағасымен өтемақы беруден өзге жол жоқ», - деді  жергілікті билік өкілдері.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ