Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қарағандының Саран қаласының ескі Дубовка ауданы 20 жылдан бері сусыз отыр

AstanaTV
15.09.2015ж. 20:00
1989
Қарағандының Саран қаласының ескі Дубовка ауданы 20 жылдан бері сусыз отыр

Сусыз өткен 20 жыл. Қарағанды облысы Саран қаласының ескі бөлігі, яғни Дубовка ауданының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. 300-ге жуық түтіні бар ауыл халқы тіршілік нәрін аптасына бір-ақ рет ішеді. Онда да су тасымалдайтын көлік келсе ғана. Оның өзі ақылы әрі шектеулі. Құбырлар әбден ескірген. Ал жергілікті билік тығырықтан шығар жол таба алар емес. «Ақ бұлақ» бағдарламасы да тоқтап қалған. Айжан Қуаш 50 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға судың қашан келетінін біліп қайтты.

Ирина Шаф отбасындағы 6 адам үшін ішетін суларын арнайы әкелетін көліктен сатып алады. Аптасына бір рет келетін су, ақылы, әрі адам басына 40 литрден беріледі. 

Ирина Шаф, Саран қаласының тұрғыны:

Кейде су әкелетін арнайы көлік бұзылып қалып, екі-үш аптада бір-ақ рет келеді. Тұрып қалған су сасып, ыдыс былғанады. Шәйнегімнің түбіндегі қақты апта сайын тазалаймын. Балаларымның денсаулығынан не қалсын?! Біресе іші өтеді, біресе асқазандары ауырады.

Бұл жағдай бір ғана Шафтың отбасына ғана тән емес, Ескі Дубовка ауданындағы 3 жүзге жуық шаңырақтың күні осы. Су тапшылығынан мал ұстамайтындарын, бау-бақша баптамайтындарын айтады. Саранның екінші бөлігіндегілер ескіден қалған 2 құдықтан су ішіп отыр. 1990 жылдарға дейін бұл елді мекенді Сарандағы шахталарға қарайтын Жартас су қоймасы ауыз сумен қамтамасыз етіп келген. Кеніштер жабылысымен, өңірде құлдырау басталған.

Айжан Қуаш, тілші:

Ауыз судың тапшылығы сонша, тұрғындар жаңбырдың тамшысын жинайтын болған. Төбедегі мына астауға жауған жауын-шашынның суы жердегі шелектерге құйылады. Ішуге жарамайды, әрине, бірақ кір жуып, жуынбасқа шара жоқ.

Жергілікті су таратушы мекеме болса, тұрғындарды ескі су жүйесіне өз қаражаттарына қосылуға шақырады. Халық тозығы жеткен құбырлардың қосымша қысымға төтеп бермейтініне сенімді.

Виктор Морусей, «Саран коммунсервис» КМК бас инженері:

Су жүйесінің 80 пайызы апатты жағдайда тұр. Бірақ әзірше оған қосыла тұруға болады, қыста су келеді.

Светлана Личкайте, Саран қаласының тұрғыны:

Біз оларға "құбырлардың апатты жерін жөндеңіздер" деп, қаншама хат жаздық.  «Ақша жоқ» деп саусақтарын да қимылдатпады. «Енді құбыр тартыңдар», дейді. Сонда шіріп жатқан дүниеден су ағып келе қала ма? Ол мүмкін емес.

Жұрттың жайын әкімдіктегілер де біледі. Тек республикалық бюджеттік комиссияға хат жазудан ары аса алмаған. Мемлекеттің «Ақ бұлақ» бағдарламасы да тоқтап қалған.

Ербол Самекин, Саран қалалық әкімдігі түкш бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

Су тарту үшін қомақты қаржы керек. Ұлттық экономика министрлігінен республикалық бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге бөлуді сұрағанбыз. Бірақ «Ақ бұлақ» бағдарламасы 3 жылдан бері тоқтап тұр. Ақша жоқ.

Айта кетер тағы бір жайт, Саран қаласында судың қоры күрт азайып кеткен. Мамандар, ол алдағы 9 жылға әрең жетеді, дейді. Жаңа тіршілік көзі болса, әлі табылмай отыр. Демек, бұл мәселе жуық арада шешіле қоюы да екіталай.

Айжан ҚУАШ 






Алдыңғы жаңалық

Келесі жаңалық