Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарлық шаруалар картоп алқабын қысқартуға мәжбүр

AstanaTV
14.06.2016ж. 20:00
1679
Павлодарлық шаруалар картоп алқабын қысқартуға мәжбүр

Павлодарлық шаруалар картоп алқаптарын қысқартуға мәжбүр. Өйткені нарықты Қырғызстанның арзан картобы басып алған. «Агросоюз» шаруа қожалығы былтыр 470 гектарға өнім салса, биыл егістік көлемін 420-ға қысқартқан. Есесіне сәбіз молынан отырғызылды,- дейді қожалық иесі. Анықталғандай, картоптың көптігі оның босату құнына кері әсер еткен. Жағдай тек сәуір айында реттеліп, қоймадағы өнім сатыла бастады. Өтімділігі жағынан Гала сұрыбы жақсы,- дейді кәсіпкерлер. Бірақ өткен қыста оның да бағасы арзандап, дүкен сөрелерінде 30-40 теңгемен, тіпті 20 теңгемен де сатылды. Павлодар ауданында 700 шаруа қожалығы бар. Оның үштен бір бөлігі - көкөніс өсірушілер.

Александр Стародубцев, «Агросоюз» ШҚ басқарушысы:

Көкөністің бағасы арзан. Кейде оны еш пайдасыз, өз бағасына сатып жүрдік. Нарықтың өз талабы бар. Картоп көп болса, баға да түседі. Біз шығынмен жұмыс істей алмаймыз. Ешбір шаруашылық оған бармайды. Чернояркада негізінен сәбіз өсіріледі.

Павлодар ауданының әкімдігі өткен қыста оңтүстікті қырғыздың арзан картобы басып қалғанын растады. Бұл жағдай отандық өнімнің сатылымын тежеді. Әйтсе де, павлодарлық картопқа деген сұраныс оның жақсы сақталуына байланысты жоғары,-дейді шенеуніктер. Бірақ көктемгі егіс науқанында бірқатар ірі қожалық картоп алқабын қысқартқан. 11 700 гектар суармалы алқаптың 4 жарым мыңына бұл өнім отырғызылған. 

Серік Аманов, Павлодар аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары:

Оңтүстіктің өнімін есептегенде, былтыр нарықтың сұранысын қырғыздың арзан картобы жаулап алды. Сондықтан да біздегі баға күрт төмендеп кетті. Девальвацияның салдарынан тұтынушылардың сатып алу мүмкіндігі де төмендеді.