$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Сочиде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері таныстырылды

AstanaTV
17.09.2015ж. 10:00
1206
Сочиде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері таныстырылды

«Аграрлы салада әріптестік орнату мен сауда-саттық қауіпсіздігі». Осындай тақырыптарды қамтыған Қазақстан мен Ресей арасындағы он екінші аймақаралық қатынас форумы ауыл шаруашылығы көрмесінен басталды. Ресей тарапы өз тауарларын ұсынған. Сүт пен ет өнімдері, балық, көкөніс, макарон, май, тәтті тоқаштарын жалпылама көрсетті. Ал 250 шаршы метрге жайғасқан Қазақ елінің өкілдері әр өңірдің өнімдерін жеке-жеке қойып таныстырды. Көрме барысында қазақстандық шаруалар сапа мен табиғи таза қоспаларға басымдық беретіндерін көрсете білді.

Олег Гаврилов, Солтүстік Қазақстан облысындағы омарташылар қауымдастығының төрағасы:

Біздің компания жиырмадан астам бал түрін шығарады. Біз тіпті ішетін балды өндіруді қолға алдық. Бұл өнімге патент алып, атын «Медовуха» деп қойдық. Ол таза өнім, ежелгі Русьтің дайындау жолы бойынша әзірленді. Ресейліктерді бұл тауар таңқалдырған көрінеді. Бірнеше адам телефонымызды жазып, сатып алуға ынта білдірді.

Форум аясында бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Мұндай бас қосулар қос елдегі барлық салаларды дамудың даңғыл жолына шығаруға серпін береді. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі форум Еуразиялық экономикалық одақ ішінде азық-түлік және өнеркәсіп тауарларының импортын алмастыруға мүмкіндік бермек.

Вячеслав Василенко, Ростов облысы губернаторының орынбасары:

Бізді Қазақстанның етпен қамтамасыз ету мүмкіндігі қызықтырды. Ол бізге шұжықтарды дайындауға қажет. Сондай-ақ Қазақстанда макарон өнімдерін шығаратын ірі өндіріс ошақтары бар екен. Ал бізде оған сәйкес келетін бидай түрі бар. 

Абзал ҚҰРМАНКИН