Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Алматыда жалпы қалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтті

AstanaTV
17.09.2015ж. 20:00
2122
Алматыда жалпы қалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтті

Зілзаладан сақтандырылған ешкім жоқ. Алматыдағы шұғыл әрекет ету қызметкерлері қуаты 7 баллдық жер сілкінісіне дайындықтарын пысықтады. Ауқымды шараға халық та белсенді қатысты. Жер дүмпуі қауіпсіздіктің жаңа технологиялары да таныстырылды. Оқу-жаттығуды өткізу тегін емес. Сейсмоқауіпті аймақ саналатын Алматыда жойқын зілзаланы болжау мүмкін емес, - дейді сейсмологтар. Ал оқу-жаттығуға қатысқан мамандар 7 баллдық жер сілкінісінде жедел әрекет етуге дайын ба? Оны тілшіміз Айгүл Ермахан байқап қайтты.

Жай күннің өзінде дедек қаға асығып жүретін алматылықтарды, мына үрейлі дабыл онан әрі әбігерге салды. "Жер дүмпуі жақындады" деп бірі беталды қашса, енді бірі шарасыздан дегбірсіз күйге түсті. Ал қашан да құлағы түрік жүретін қырағы тұрғындар бұл дабылдың оқу - жаттығу екенін сезіп, құжат пен қажет зат салынған сөмкелерін жиыстырып сыртқа шықты. Мамандар халықтан үрейге бой алдырмай, тоқ пен суды өшіріп, сыртқа шығуларын өтінді. 

Нәзима Сенбаева, қала тұрғыны:

Алдын-ала хабарласа, дайын тұрған дұрыс. Негізінен шетелдердегі  сияқты кез - келген уақытта оқушылар, тұрғындар  өздері дайын болуы керек. Табиғаттың қаупін ешкім ертерек білмейді ғой. Жер сілікінісі кезінде көп нәрсе қазіргі кезде баспаналардың сапалы-сапасыздығына байланысты ғой. Үйді сапалы салу керек деп ойлаймын.

Оқу-жаттығу кезінде қала тұрғындары арнайы қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Яғни мектеп аулалары, саябақтар мен стадиондарға жеткізілді. Ал зардап шеккендерге 339 санитарлық пунктте ем-дом көрсетілді. Жарылған газ құбырларынан болған өрт сөндіріліп, құлаған ағаш астында қалған жеңіл көліктер ішіндегі адамдарға шұғыл көмек көрсетілді. Биік қабатты үйлердегі тұрғындар техника күшімен жерге түсіріліп, үйінді астында қалғандарды іздеуге үйретілген  иттер жұмылдырылды. 

Ерік Алпысбаев, Алматы қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

Егер жойқын жер сілкінісі бола қалған жағдайда, қаланың шұғыл  әрекет ету қызметтерінің 600 мың маманы жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ басқа өңірлердің де құтқару қызметі тартылады. Қазіргі уақытта тұрғындарды тағамдармен қамтамасыз ету бойынша келісімдер жасалуда. Халықты хабардар ету бойынша 244 дабыл қаққыш іске қосылды. СМС хабарламалар да таратылуы тиіс болған. Алайда ұялы телефон байланыс операторларымен қосымша келісімдер жасалуына байланысты таратып үлгермедік. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табатын болады. Әлі де дайындықтарды пысықтауымыз керек.

Жалпы бұл шараға 38 арнайы техника мен 215 құтқарушы қатысты. Сондай-ақ, бүгін алғаш рет халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа технологиялар таныстырылды.

Тимур Ахунжанов, «Забота 24» ЖШС директоры:

Егер үйдің кіреберісіне тіпті есіктің аузына орнатса, зілзала кезінде үй тұрғындарына жедел ескерту жасайды. Бүгін 38 мектеп осы қондырғы арқылы шұғыл қимылдады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Ара-тұра сілкініп, халықты үрейлендіріп алатын зілзалаға Алматы тұрғындары әрдайым дайын болғаны жөн. "Сақтықта қорлық жоқ" деген төтенше жағдайлар мамандары халықпен нәтижелі жұмыс атқарды. Тұрғындар да сабырлық танытып, абыржулық білдірмеді. Керісінше, мамандар сөзіне құлақ асып, апатты жағдайда қалай әрекет етудің тетіктерін үйренді.

Айгүл ЕРМАХАН