$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Оралда емші қарияға қатысты сот үкім шығарды

AstanaTV
18.09.2015ж. 20:00
Оралда емші қарияға қатысты сот үкім шығарды

Оралда екі сәбидің ажалына себепші болды деп айыпталған емшіге қатысты сот үкім жария етті. Ол 2 жылға шартты түрде сотталды. Нина Солопова арнайы медициналық білімі болмаса да, емшілікпен ұзақ уақыт айналысып келген.

Сұлуғаным Қадыралиева, Орал қалалық сотының судьясы:

Таныстардан сұрастырып, сол знахарь бар, балаларды емдейді деп, біреулерге көмектесті деп, барған ғой. Соған барған, сосын сондай ем алған. Кінәсін мойындаған жоқ. Сол 81 жаста, ондай жастағы адамға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамайды, ондай жаза көрсетілмеген, сондықтан бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады сот. Үйінде жүреді, міндеттер жүктелді сотпен. Пробациялық бақылау белгіленді.

Еске салайық, биылғы көктемде 81 жастағы қарияның кезекті емін алған екі бүлдіршін көз жұмған еді. Ол сырқат балалардың денесін қышамен орауға кеңес беріпті. Осы емнен балғындардың денелері күйіп қалған. Кейін ауруханаға жеткізіліп, сол жерде бүлдіршіндер қайтыс болды. Марқұм болған балалардың ата-аналары сот кезінде емші қарияға айып тақпайтындарын айтқан.

Еркін КАРИН