$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Нұр Отан» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды

AstanaTV
18.09.2015ж. 20:00
1989
«Нұр Отан» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында «Нұр Отан» мен Қытай Коммунистік партиясының арасында 2015-2017 жылдарға арналған партияаралық ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Дәл осындай құжатқа 2011 жылы қол қойылған болатын. Делегация құрамында орталық аппарат өкілдерімен қоса, депутаттар да болды.

Бұл - Асқар Мырзахметовтің «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары ретінде шетелге жасаған алғашқы іссапары. Аспан асты елі бекер таңдалған жоқ. Қытай - Қазақстанның ең ірі серіктесі. Оның Қазақстанның жалпы тауар айналым көлеміндегі үлесі 20%-ға жетті. Мұнымен қоса, көрші елге жуырда жасаған сапары барысында Елбасы екі ел арасында барлық салада, әсіресе саяси-экономикалық мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын айтып өткен еді. Сондықтан Қытай Коммунистік партиясымен ынтымақтастық орнату - маңызды қадамның бірі. Сапар барысында қазақстандық делегация жалпықытай халықтық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы Чжан Дэцзян мырзамен кездесті.

Партия төрағасының бірінші орынбасары қос елдегі билеуші партияларының мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауда, инфрақұрылымды жаңғыртуда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі институционалды ортаны нығайтуда және өзге  де мәселелерде маңызды рөл атқарып отырғанын тілге тиек етті. Кездесу барысында Асқар Мырзахметов Чжан Дэцзян мырзаға «Еуразиялық экономикалық болашақ» халықаралық форумына Қазақстан Парламенті жіберген шақыртуын табыстады. Сонымен қатар «Нұр Отан» делегациясы Қытай Компартиясы орталық комитетінің Жоғары партиялық мектебінің тұрақты проректоры Хе Итин мырзамен де жолықты. «Нұр Отан» партиясы саяси менеджмент мектебі мен Қытай Компартиясы ОК Жоғары партиялық мектебі арасында 2015-2017 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

ХЭ Итин, ҚКП ОК Жоғарғы партия мектебінің тұрақты проректоры:

Жуырда ғана «Нұр Отан» партиясының төрағасы, президент Нұрсұлтан Назарбаев біздің мектепке келіп, дәріс оқыған. Енді, міне, оның орынбасары келіп отыр. Бұл Қазақстан тарапының әріптестікке деген шынайы ниетін білдіртеді. Қытай тарапы да көршілес елмен ынтымақтастықты дамытуға, екі ел басшыларының алға қойған ортақ мақсаттарын бірлесіп атқаруға бар күшін салады.

Ресми сапар барысында Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі жалпықытай комитетінің төрағасы, ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Ван Цзяжуй және оның орынбасары Чжоу Ли мырзалармен кездесу болып өтті. Екіжақты кездесулер барысында тараптар екі елдің билеуші партиялары арасындағы өзара байланысты одан әрі кеңейту мәселелеріне тоқталды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ 


Алдыңғы жаңалық