$519.58 €609.36 ₽6.63
×

Психологтар: Балаларға зорлық көрсеткен азғындарды заңмен жазалағаннан гөрі, оларды тәрбиелеу маңызды

AstanaTV
22.09.2015ж. 20:00
1776
Психологтар: Балаларға зорлық көрсеткен азғындарды заңмен жазалағаннан гөрі, оларды тәрбиелеу  маңызды

«Балаларға зорлық көрсеткен азғындарды заңмен жазалағаннан гөрі, оларды тәрбиелеу әлдеқайда маңызды». Психолог мамандар пікірі осыған саяды. Ал заңгерлер кәмелет жасына толмаған балаларды зорлау әрекеттерінің біршама азайғанын алға тартып отыр. Бұған жыл басынан бері күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекстің септігі болуы әбден ықтимал.

Айта кетейік, қолданыстағы заң педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды қарастырады. Құқық саласы өкілдерінің айтуынша, Қылмыстық кодекстің нормалары енгізілген барлық өзгерістер нақты жұмыс істеп жатыр. Заңгерлер сондай-ақ жуырда ғана Алматыда педофилдің неліктен 15 жылға сотталғанын да тарқатып айтып берді.

Ұялы телефонға түсірілген бұл бейнежазба әлеуметтік желі арқылы жылдам тарады. Екі ересек адам бірінші сынып оқушыларын қуып, ақыры біреуін ұстап алады. Куәгерлердің көмегімен  қыз бала құтқарылды. Астана қалалық Ішкі істер департаменті өкілдері, бұл Елордада болған жағдай емес, деп отыр. Полиция мән-жайды анықтауда. Ал жалпы жасөспірімдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық фактілері, өткен жылмен салыстырғанда,  азайған.

Бабыр Шаяхметов, заңгер:

Заңгер ретінде, жаңа Қылмыстық кодекстің нормасы енгізілген өзгерістер нақты жұмыс істеп жатыр, деп айтуға болады. Өткен жыл мен ағымдағы жылдың статистикасын салыстырсақ, осы педофилия қылмысына байланысты бұл қылмыс түрі шамамен 1,5 есеге азайған екен.

Заңгер, егер химиялық кастрация енгізілсе, қылмыс саны одан сайын азаяр еді, деген пікірде. Ал психолог маман Айжан Изақова мұнымен келіспейді. Айтуынша, балаларды бақылау арқылы зорлықшылардан сақтауға болады. Сонымен қатар, қылмыскерлерді бірден темір торға тоғытпай, емдеп, тәрбиелеу керек, деген ойда.

Айжан Изақова, психолог:

Педофилия деген - ол ауру. Адамның эмоциялық, психологиялық және интеллектуалдық жағдайында ауытқушылық туындайды. Бірақ соңғы кезде бұл ақыл-есі дұрыс адамдар арасында да кездесіп отыр. Ақша мен биліктен есіргендер осылардың буымен әлімжеттік жасайды. Сондықтан баланы үнемі бақылап отыру керек.

Қоғамды дүрліктірген Алматыдағы педофилдің өткен аптада 15 жылға сотталғаны белгілі. Оны өмір бойына бас бостандығынан айыруға негіз болған жоқ, өйткені қылмыскер ойындағысын жүзеге асырып үлгермеді. Заңгердің уәжі осындай. Ол тағайындалған жазаның аз еместігін айтып отыр. 

Бабыр Шаяхметов, заңгер:

Педофилиялық қылмыстың өзінің жеке бір санаттары болады. Педофилиялық қылмыс, егер де бала денсаулығына зақым келумен ұштасса, бұл кезде қылмыстың жаза мөлшері ұлғаяды.

Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша педофилдер мерзімінен бұрын түрмеден босап шыға алмайды. Тараптардың татуласуына жол берілмейді, әрі қылмыскер рақымшылыққа да ілінбейді. Қысқасы, қомақты айыппұл, жасаған қылмысы үшін өкіну немесе отбасылық жағдайы оны жазадан құтқара алмайды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ