Теңге
еркін айналымға өткенімен, жылжымайтын мүлік нарығы құрдымға кеткен жоқ.
Қыркүйекте Алматы мен Астана қалаларында баспана сату және сатып алу қайта
жандана бастаған. Баспана адам үшін басты қажеттілік болғандықтан, доллар қанша
құбылса да, пәтер сатып алушылар қарап жатқан жоқ. Ал үй-жайын сатушылар
арасында жылжымайтын мүлікті «шұғыл» сатылымға шығару үрдіс белең алған.
Халықты көп мазалайтын баспана
саудасында қандай «құйтырқы ойындар» жүріп жатыр? Тұрғын үйдің бағасы кімге
тәуелді?! Тілші тарқатып айтады.
Тамыздағы
доллар дүрбелеңінен соң жылжымайтын мүлік нарығы әлденені күтіп отырғандай әсер
қалдырды. Қарапайым халық үшін де баспана құны енді түседі деген үміт жылт
еткен. Мамандар үйдің бағасы 20-30 пайызға арзандайды деп болжады. Алайда доллармен бағаланатын баспананың құны
құлдырап кетпепті. Десе де, девальвациядан кейінгі өліара кезең артта қалды.
Қыркүйек айының екінші жартысында пәтер саудасында қозғалыс байқалды, дейді
мамандар. Баспана бағасы долларға байланып отырғанымен, келісімшартты теңгемен
жасау үрдісі де қатар жүріп жатыр. Нысанның бағасын ұлттық валютамен көрсетіп,
саудаға салу қалыпты жағдай. Себебі баспанаға елде сұраныс жоғары.
Александр
Вайншток, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:
Бағаның
айтарлықтай төмендегенін байқаған жоқпыз. Кей пәтерлердің болмашы ғана арзандауы жалпы нарықтағы жағдайға әсер ете алмайды. Клиенттердің 80 пайызы теңге
құлдырауынан соң хабарландыруларын алып тастаған. Енді олар қайта жандана
бастады. Қыркүйекте 15 келісімшарт жасалды. Көбі теңгемен есеп айырысып
жатыр.
Жылжымайтын
мүлік нарығындағы негізгі ойыншы - сатып алушы. Бағаны да «өргізіп-тұрғызатын»
солар. Ал сатушылар арасында «шұғыл
сатамын» деген хабарландыру беретіндер артыпты.
Сергей
Мойсеев, «KRISHA.KZ» порталының шеф-редакторы:
Теңгенің
тұрақсыздығына қарамастан, «шұғыл сатылым» бөлімі арқылы пәтерін сатуға бел
буған адамдар көбейгені байқалды. Көбіне несиені доллармен алғандар мен
ипотекаға пәтер алғандар және көшетіндер асығыс сатып жатқанын болжау қиын
емес.
Ал аймақтардағы жағдай басқа. Осыдан үш жыл бұрын Ақтау қаласының орталығындағы
мына үш бөлмелі пәтердің құны 200 мың АҚШ долларына дейін шарықтаған болатын.
Өткен жылы қарашада отбасы Ресейге көшу мақсатында пәтерді 150 мың долларға
сатпақ болған. Ал теңгенің құлдырауынан соң Ланга Черешкайте, баспанасының құнын тағы
арзандатуға мәжбүрмін, дейді.
Ланга
Черешкайте, пәтер иесі:
Хабарландыру берген кезде пәтеріміз 150 мың долларға өтетініне сенімді
едік. Бірақ бір жыл артта қалды, әлі сатылмай тұр. Енді қалыптасқан жағдайды ескеріп, оның құнын тағы
да 40 пайызға арзандатып қойдық.
Қазақстанға құрылыс материалының негізгі бөлігі шет
елдерден әкелінеді. Доллардың
қымбаттауынан соң импорттық тауарлардың да бағасы көтерілетіні заңдылық. Бірақ мұның пәтер бағасына қаншалықты әсер
ететінін жеке кәсіпкерлер өздері шешпек. Айтпақшы, құрылыс компаниялары
«доллардан бас тарту» туралы шешім қабылдаған еді.
Ришат
Асқарбекұлы, тілші:
Дәл
осындай уақытта жылжымайтын мүлік нарығындағы мамандар қандай кеңес береді?
Олар халықтанәлденені күтіп, уақыт өлтірудің қажеті жоқ, дейді. Біріншіден, шетел
валютасына байланбай-ақ, теңгемен нарық құнына сәйкес, өзі ұтылмайтындай етіп, баспана бағасын белгілеуді ұсынады. Ал
сатып алушылар үшін жылжымайтын мүлік нарығында таңдау көп. Олар әсіресе
қазіргідей дағдарыс кезеңінде екінші қолданыстағы үйлерді қолайлы бағамен сатып
алуға мүмкіндік алып отыр.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ