$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қызылорда облысының 143 мектеп бітірушісі «Алтын белгі» иегері атанды

AstanaTV
15.06.2016ж. 20:00
2586
Қызылорда облысының 143 мектеп бітірушісі  «Алтын белгі» иегері атанды

Қызылордалық түлектердің 93 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуден 50-ден жоғары балл жинаған. Оның 722-сі 100-ден жоғары баллға қол жеткізді. Ал 143 мектеп бітіруші «Алтын белгі» алса, 68 түлек үздік аттестаттың иегері атанды. Бүгінде 37 түлек халықаралық ғылыми жарыстарында оза шауып, белгілі академиялар мен университеттердің студенті атанды. Ал облыста тұрмысы төмен отбасыларының балалары үшін арнайы гранттар берілетін болды.

Дүние тану, жаңалық ашу, талдау, тәжірибе жасау, таласу, жеңіске жету, көшбасшы болу. Номері 202-ші жалағаштық орта мектептің түлегі Нұрсұлтан Болаттың өмірлік ұстанымы осы. Он бір жылдық еңбегінің жемісі - Алтын белгі.  Жоғары атақ иегерлерінің бүгінгі арманы да асқақ. 

Нұрсұлтан Болат, «Алтын белгі» иегері:

Біздің алдағы мақсатымыз -  облысымыздың мәртебесін арттырып, елге адал қызмет атқарып, мықты маман иесі болу. Және осы алып жатқан алтынымызды мемлекетке еселеп қайтарамыз деп тағы да біз уәде береміз.

Айым Шайхислам, «Алтын белгі» иегері:

Ендігі жердегі мақсатым - Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медициналық академияның студенты атану. Елбасымыз айтқандай, білім көгінде самғап жүретін, көптің көкейіне арманның үмітін жағып жүретін жастардың қатарына қосылдым, деп ойлаймын.

ҰБТ тапсырған түлектердің 93 пайызы елу баллдан жоғары көрсеткіштен өтті. Қалғандары бақтарын тамыз айында тағы бір сынауға мүмкіншілік алып отыр. Ал тұрмысы төмен отбасы балаларына арнайы гранттар қарастырылған.

Бақытжан Сайлыбаев, облыстық білім беру басқармасының басшысы:

Қызылорда облысының әкімі көп балалы отбасы мен әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балалары үшін өз грантын белгілеп келе жатыр. Бүгінгі күні жоғары оқу орындарында уш жүз елудей бала оқып жатса, биылғы жылы 135 грант тағы да бөлінді. Одан басқа биылғы жылы орта мектепті бітіріп жатқан балаларға колледждерде кәсіптік білім алу үшін жергілікті бюджеттен мемлекеттік білім тапсырысы бар, сол 300 орынға тағы көтеріліп жатыр. Яғни 435 балаға қосымша мүмкіндік туып жатыр.

Тағы бір мүмкіншілік: Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жоғарғы оқу орындарына қарастырылған мемлекеттік білім гранттары. Қазір осы бағдарлама негізінде екі жарым мыңнан астам қызылордалық білім алып келеді. Мұнан басқа Қызылорда өңірі бойынша Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен жасалған меморандум арқасында 315 қызылордалық студент федералды бюджеттің есебінен жоғары орындарда оқып жүр. Биыл екі мыңдай бала атақты Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясына және Санкт-Петербургтың технологиялық университетіне емтихан тапсырды. Соның ішінен 600-ге жуығы конкурсқа қатысуға мүмкіндік алды.

Шарипа САҚТАПОВА