Биыл елімізде
картоптан мол өнім алу жоспарланған. Әйтсе де оның бағасы ептеп өсуі мүмкін.
Бұл жайында арнамыздың тілшілеріне Солтүстік Қазақстан облыстық шаруалар
одағының төрағасы айтты. Әзірге нарықта бұл өнімнің көтерме бағасы 35-40
теңгенің маңайында. Баға әдетте қыста көтеріледі. Ірі тауар өндірушілер де
осындай пікірде. Ал тұрақтандыру қоры болса, картоп бағасы шарықтап кетпес үшін, қамдануға кіріскен.
Михаил Карасевтың картоп егіп жүргеніне 20 жылдан асты. Иелігіндегі 512
гектар жерінің бестен бір бөлігіне шаруа картоп өсіреді. Бұл саланың қыр-сырын
меңгеріп алған ол, өнім сапалы болу үшін дер кезінде егіп, уақтылы жинап алу
керек,- дейді. Осыған байланысты іскер арнайы техникамен қамданып, алып қойма
салған. Күзгі дала жұмыстарын сәтті аяқтап келе жатқан ол, енді өнім бағасына
алаңдаулы.
Михаил Карасев,
Шаруа қожалығының басшысы:
Қазір ұсақ тауар
өндірушілер бағаны ұстап тұр. Бірақ олар бүкіл өнімдерін сатып болғасын, баға
көтеріле бастайды. Биыл картоп көп болмақ. Егер де баға қымбаттамаса, біз
бүкіл картобымызды қоймаға салып, баға өскенше, оны сақтап отырамыз. Картопты
көпке дейін ұстауға мүмкіндік бар.
Солтүстік
Қазақстан облысы жыл сайын жарты миллион тоннаға жуық картоп өсіреді. Бұл
аймақтың сұранысынан 9 есе көп, дейді шаруалар одағының
төрағасы Нияз Ыбыраев. Облыс шаруалары әдеттегі көрсеткіштен биыл да кем
түспеді. Картоптың шығымы жақсы. Бірақ баға бәрібір шарықтайды, - деп болжайды
төраға. Мұнымен күресу үшін билік тарапынан қоймалар санын көбейту керек, деп
санайды.
Нияз Ыбыраев, СҚО
Шаруалар
одағының төрағасы:
Қазір бағаны
тұрақтандыру үшін әкімдіктегілер ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізіп жатыр.
Бірақ, әрине, қыстың ортасына қарай картоп бағасы көтеріледі. Жәрмеңкелердің
өзінде баға өседі. Баға тұрақты болу үшін, шенеуніктер әр аудан орталықтарында
және үлкен қалаларда көкөніс қоймаларын көптеп салу керек. Сонда бағаны жүйелі
түрде тұрақты қып ұстауға мүмкіндік туады.
Ал тұрақтандыру
қоры көкөністі жыл сайын ірі тауар өндірушілерден сатып алатын. Енді өнімнің
өзіндік құнын түсіру үшін олар картопты өздері егетін болды. Мемлекеттік
кәсіпорынның аяқалысы жаман емес. Олар 23 гектар алқаптан 500 тоннаға тарта
картоп жинаған. Егер қоймадағы өнім азайып бара жатса, оны басқа жерден қосымша
сатып алуға мүмкіндік бар, - дейді тұрақтандыру қорының өкілі Алмас Хасенов.
Алмас Хасенов, «Солтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Тұрақтандыру
қорының резервте жатқан қаржысы бар. Егер де баға күрт көтерілсе, біз осы
қаражатқа ірі тауар өндірушілерден картопты үлкен көтерме бағамен алып, халыққа
төмен бағамен ұсынамыз. Сондықтан картоп бағасына аса алаңдамауға болады.
Сөйтіп, билік
тарапы бағаға төтеп беруге сақадай сай. Тауар ұсынысы шектен асқан кезде,
бағаның шарықтауы мүмкін емес, - дейді олар. Алайда сыртқы факторларға
байланысты нарықтың ертеңгі күнін ешкім дөп басып болжай алмайды.
Абзал ҚҰРМАНКИН