Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Киіктердің арасында пастереллездің не себепті тарағаны әлі белгісіз.

AstanaTV
28.09.2015ж. 20:00
2617
Киіктердің арасында пастереллездің не себепті тарағаны әлі белгісіз.

Киіктердің қырғыны екі үлкен министрлік арасында дау тудырды. Ауылшарушығы министрлігі мен Білім және Ғылым министрлігінің мамандары киіктер неден қырылды деген сұраққа келгенде, бір-біріне сілтейді. Көктемде жаппай арам қатқан ақбөкендердің ауруы не себепті тарағаны әлі күнге дейін белгісіз. Ауылшаруашылығы инспекторлары ғалымдар жауап бермесе, тиісті ұсыныстар айтпаса, ақбөкендер биыл күзде немесе келер көктемде тағы да қырылып қалады деп қорқады. Ауылшаруашылығы министрлігі ұйымдастырған арнайы пресс турға Айгүл Әдепбай да қатысып, бетпақдаланы аралап, киіктерді қорғау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайтты.

Айгүл Әдепбай, тілші

Киесі бар киіктің өлексесі өкінішке орай биыл бетпақдаланың әр жазығында жатты. Мамандар мамыр-маусым айында болған қырғын келер көктемде тағы қайталана ма деп алаңдайды. Браконерьлер атты, түрлі белгілі, белгісіз аурулар жалмады. Бірақ проблема шешілген жоқ. Жануарлардың не себепті  қырылғаны әлі де жұмбақ.

Бұл жұмбақтың жауабын білім және ғылым министрілгінің ғылыми-зерттеу институттары беру керек. Ауылшаруашылығы министрлігінің уәжі осы. Аурудың себебін анықтаумен солар айналысты. Басты себеп - пастереллез деп құтылған ғалымдар.

Нариман Жүнісов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

Киіктердің биылғы жаппай қырылуының себебін анықтаумен айналысқан білім және ғылым министрлігінің ғылыми зерттеу институттарынан бүгінгі күнге дейін жауап алған жоқпыз. Пастереллездің неден шыққаны әлі анықталған жоқ. Көктемгі зерттеу жұмыстары мен киіктердің миграциялық жолымен жүріп өткен шілде айында жүргізілген экспедиция да ешқандай ұсыныс берген жоқ. Біз осындай жаппай қырылуы қайталанбайды деп кепілдік бере алмаймыз. Білім және ғылым министрлігінің ғылыми институттары пастерелездің тарауына не себеп болғанын анықтап, ұсыныстар бермесе, жаппай қырылуы қайталанады деген қауіп бар. Ондай жағдайда киіктерді мүлдем жоғалтып аламыз.

Ауылшаруашылығы мамандары ақбөкендерді қорғаумен айналыспайды емес. Биыл браконьерлерге қатысты 54 қылмыстық іс қозғалған. Ал ғылыми институттарды бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен ғана оята аламыз - дейді ауылшаруашылық инспекторлары. Бірақ ғылыми институттағылар ауылшаруашылығы министрлігі жауапкершіліктен бастарын ала қашып отыр дегенді айтты.

Нұрлан Сандыбаев, «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РММ директорының орынбасары:

Ауылшаруашылығы министрлігінде жұмыс тобы құрылды. Қорытындыны солар беру керек. Біздің институттың қатысы қанша, түсінбеймін. Солардан сұраңыздар. Қазір олар бұл проблеманы өздерінен алып тастап жатыр. Бізге іліп қойғысы келеді.

Бұл сұрақты білім және ғылым министріне де қойдық. Киіктер жылда қырылады, бұл - заңдылық деп айдан аспаннан шығарды Аслан Сәрінжіпов.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі

Жұмыс бітті, барлық есеп тапсырылды, қабылданды. Есеп комитеті де қарады. Ғалымдар өздеріне жүктелген тапсырманы орындады. Білуімше, бірнеше аурулар анықталды, Пастереллез де бар, тағы бірнеше ошақтар табылды. Енді жаппай қырылудың алдын алу үшін ауылшаруашылығы министрлігінің институтымен бірге арнайы шаралар бағдарламасын жасайтын боламыз. 80-ші жылдардан бастап сайғақтар әрбір 4-5 жыл сайын қырылып тұрады.  Кей жылдары арам қатқан жануарлар саны 250 мыңға дейін жетті. Сондықтан мұнда табиғи заңдылық бар шығар.

Сонымен киіктердің жаппай қырылуы - табиғи заңдылық па, ауру алып ұрды ма, гептил титықтатты ма деп әлі де ай қарап, бал ашып отырмыз. Тіпті түрлі пікір айтылғаны сонша, бір кездері ағылшын ғалымдары ақбөкендердің өліміне бөгде планеталықтарды да кінәлады. Тек өзіміз айыпты болмасақ болды. Ал ауылшаруашылығы мамандары гептилдің әсерін де жоққа шығармайды.

Нариман Жүнісов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

Ғылыми зерттеулердің көрсеткіштері гептил екенін анықтаған жоқ. Бірақ ғылыми зерттеу инстиуттары толық мағлұмат бермейінше,  ешбір нұсқаны жоққа шығаруға болмайды.

 Сонымен министірліктер бір-біріне сілтеді. Бұдан пастереллез ауруының тарау себебі анықтала қойған жоқ. Киіктердің көзін құртқан  қырғын қайталанбас үшін тиісті шаралар жүргізілген жоқ. Ақбөкендер саны  2001 жылы 21 мың болса, биыл көктемде 295 мыңға жетті. Бірақ көктемгі жаппай қырғын 150 мың жануарды алып ұрды. Бұл тек табылған өлекселер саны. Қырылған киіктер әлдеқайда көп болуы мүмкіндігін ауылшаруашылығы инспекторлары жоққа шығармайды. Қазір бетпақдала жазығында қанша ақбөкен қалғанын олар да айта алмайды. Санақ авиацияның күшімен көктемде бір ақ жүргізіледі. Ол кезде санайтын киік басы қалса егер де.

Айгүл ӘДЕПБАЙ