Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қазақстандықтар мемлекеттік жауапты қызметтегі азаматтардың табысын біліп отырмақ

AstanaTV
30.09.2015ж. 20:00
1316
Қазақстандықтар мемлекеттік жауапты қызметтегі азаматтардың табысын біліп отырмақ

Болашақта қатардағы қазақстандықтар мемлекеттік жауапты қызметтегі азаматтардың табысы жөніндегі мәліметтерге қол жеткізе алады. Бүгін Парламент Мәжілісінде қаралған заң жобаларының бірі шенеуніктерді қарапайым азаматтардың өтініші бойынша тапқан табысы жөнінде есеп беруге мәжбүрлейді. Шенділердің халықтан жасырары жоқ па, әлде уақыт тығыздығынан ба, депутаттар бір отырыста заң жобасының екі оқылымын өткізіп, қабылдады. Мәжілістегі нәтижелі жұмыс жайында Азамат Алдоңғаров баяндайды.

Депутаттардың жұмысы қауырт. Парламенттің төменгі палата депутаттары сәрсенбіні сәтті күнге балап, бірден 25 заң жобасын қарады. Түскі асқа бір сағаттық кідіріс жасаған мәжілісмендер, тіпті таңертең бірінші оқылымы болған «ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасын түс ауа екінші қайтара қарап қабылдап, құжатты Сенатқа жолдады. Сенат мақұлдаса, енді бұл заң бойынша қарапайым азаматтар жауапты шенеуніктердің қалтасындағы ақшасын санай алады. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі: 

Есеп беру деген нәрсе формальді түрде болмауы керек. Ашық түрде ашық әңгіме айтуы керек, ашық ұсыныстарды тыңдауы керек. Осы мәселелерді реттеуге осы заң көмектеседі деген ойдамыз. Есептер кәдімгідей есеп болады ғой, халықты шақырып, бірақ сол есептерді онлайн жүйесінде интернетке беру жүйесін де біз қарастырып отырмыз. Мысалы, бір министр есеп беріп жатса, оған халық келе алмайды ғой, бірақ интернеттен көріп отыруға болады.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев парламент қабырғасына қос бірдей заң жобасын әкелді. Оның бірі - салық туралы. Министр біздің арнамызға мемлекет басшысы тапсырған қосымша құн салығын алмастыру бойынша, кәсіпорындар табысынан ҚҚС төлететін міндетті межесін төмендету жөнінде түсініктеме берді. Оның сөзінше, бұл межені төмендетпеген күннің өзінде, табысын жасырып, көлеңкелі бизнеске кетіп жатқан кәсіпкерлер бар көрінеді.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Кейбір компаниялардың бөлшектенгені жайында білетін шығарсыздар. Көлеңкеге кеткісі келгендер бүгінгі жағдайдың өзінде көлеңкелі экономикаға көшуде. Одан салық базасы кемуде. Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің артуы салықтық түсімнің артуымен байланысты болуы керек. Біздің көршілеріміз салық көлемін арттырып жатқанда, Қазақстан 2009 жылдан бері салық көлемін қалыпты ұстап отыр. Мәселе, салықтық әкімшілікті арттыруда. Қазір талқылап жатырмыз, екінші оқылымда ҰКК өкілдерімен бірлесе қараймыз.

Айта кетейік, бүгінге дейін тек отыз мың орташа айлық көрсеткішке жеткен айналымы бар кәсіпорындар ҚҚС төлеп келді. Заң жобасына сәйкес бұл меже үш мың айлық көрсеткішке дейін қысқармақ. Яғни шағын кәсіпорындар ескіше 3 пайыздың орнына табысының 12 пайызын мемлекет пайдасына құюы тиіс. Парламент отырысында сөзге келместен қабылданған келесі жаң жобасы - міндетті медициналық сақтандару жөнінде. Оған сәйкес жұмыс беруші жұмыскеріне 2017 жылдан бастап төлейтін жалақысының 2 пайызын  сақтандыруға аударып, оны 2020 жылға дейін бір пайызға арттыра отырып, 5-ке жеткізбек. Ал жұмысшы 2019 жылдан өз табысының 1 пайызын, 2020 жылдан 2 пайызын міндетті сақтандырылуы үшін жұмсайды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ