Алматыда электронды билет жүйесіне арналған төлем
карталары сатылымға түсті. Бұл туралы «Көлік холдингі» серіктестігінің өкілдері
ақпарат құралдарына мәлім етті. Әлемдік тәжірибеде кең қолданылған тәсіл
жолаушылар үшін қиындық туғызбайды. «Оңай» сөзі жазылған парақша ілінген
дүңгіршектерден жүз мың данамен сатылымға шыққан карталарды 400 теңгеге сатып
аласыз. Ішінде 80 теңге яғни бір рет қоғамдық көлікте жүру жол ақысы
есептелген. Сосын жолаушы балансты өзі терминал арқылы толтырып отырады. Ал,
әлеуметтік топтарға яғни оқушылар, студенттер мен зейнеткерлерге арналған жол
жүру карталары 5-қазаннан бастап тегін таратылмақ. Айта кетейік, Алматыда
алдағы бейсенбіден бастап, электронды билет жүйесімен барлық қоғамдық көлік
қамтылады. Игі бастама көлеңкелі айналымдағы қаражатқа шектеу қою үшін қолға
алынған.
Рифат Әбдіраманов, Аалматы қаласы "Көлік
холдингі" ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі:
Жаңа электронды билет жүйесін қолдануды жолаушылар толық
түсінгенше, біз қолма-қол есептесуді жыл соңына дейін қалдырамыз.
Сондай-ақ, жол жүру билеті де әзірге қолданыста болады. Тағы бір айта
кететіні біріңғай төлем картасы арнайы қапталған. Ішінде картаны қалай
қолдануға болатыны жайлы қазақ және орыс тілінде егжей-тегжейлі жазылған
түсіндірме бар. Басты бетіндегі қорғаныш ретінде жапсырылған
фольганы ашып, картаны пайдалана беруге болады.