Ақмола облысы «Арман»
лагеріндегі оқушының қаза болуына орай арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы
Білім және ғылым вице-министрі мәлімдеді. Министрлік елдегі барлық лагерлерді
тексеруді қолға алмақ.
«Арман» сауықтыру орнында 7-ші
сынып оқушысы Анна Маликова есіктің
әйнегіне соғылып, жарақат алған. Кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, қыз
баланың тамақ тұсы кесілген. Щучинскідегі ауруханаға жеткізгенше - ол жолда жан
тапсырды. Тілші тарқатады.
Қайғылы оқиға білім
министрлігіндегілерді аяғынан тік тұрғызды. Бұл оқиғаға қатысты Астанада шұғыл
жиын өтті. Білім басқармалары басшыларының басын қосқан интерактивті жиналыста
вице-министр мән-жайды анықтауды тапсырды.
Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім
және ғылым вице-министрі:
Қазір пәлен деп нақты айту
қиын. Арнайы комиссия құрылып, зерттеуде. Кінәлілер міндетті түрде жауапқа
тартылатын болады. Айдың, күннің
аманында ойнап жүрген баладан айрылып қалу - ақылға симайды. Жазатайым болды
ма, әлде қызметкерлердің жауапсыздығынан болды ма - анықтайтын боламыз.
Мұндай жағдай қайталанбас үшін
жиынға қатысқандарға барлық лагерьлерді тексеру тапсырылды. Солтүстік
Қазақстанның білім басқармасындағылар қазір оқиға орнында ішкі істер
қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Ал қаза болған бала аз қамтылған
отбасынан екені белгілі болды.
Ысқақ Құлатай, ҚР БҒМ балалар
құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы:
Жалпы бала мектептен
жіберілген. Анасы бір өзі тәрбиелеп отырған үш баланың анасы. Аз қамтылған отбасынан
шыққан бала. Тегін демалып жатқан бала арнайы жолдамамен барып. Енді осындай
оқиғаға тап болып отыр.
Қайғылы оқиға балалардың көз
алдында болғандықтан, қазір олармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Тынығып
жатқан өзге оқушылардың ата-аналары үшін Тайыншы аудандық білім бөлімінде
арнайы телефон қызметі іске қосылған. Осы оқиғадан кейін барлық лагерьлерде
балалар қауіпсіздігі бақылауға алынды. Алматыдағы «Тау нұры» лагеріндегілер балаларға
қауіпсіздік шараларын үйрететін сабақтар өткізбек.
Елена Задорожнева, «Тау күні» лагерінің хореографы:
Тоққа түсіп қалмау, өртті
болдырмау, суда жүзгендегі сақтық, тіпті
паркетті залдағы қауіпсіздікке дейін күн сайын балаларға ескертіп айтып
отырамыз. Медициналық қызметкеріміз әрдайым қасымызда. Балалардың сақтығы үшін
барлық шаралар жасалған.
Қазір Қазақстан бойынша 11
мыңнан астам жазғы лагерь бар екен. Мамандардың айтуынша, онда медицина
мамандары болуы шарт. Ал «Арман» лагерінде қаза тапқан балаға алғашқы
көрсетілді ме, жоқ па, онда дәрігер бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап ала
алмадық. Лагерь тарапы сұқбат беруден бас тартты.