Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Елімізде төтенше жағдайлар туралы ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы таратылатын болады

AstanaTV
16.06.2016ж. 20:00
1427
Елімізде төтенше жағдайлар туралы ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы таратылатын болады

Төтенше жағдайлар туралы ақпараттар енді әлеуметтік желілер арқылы таратылатын болады. Интернет пайдаланушыларын хабардар ету жобасын Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің төтенше жағдай министрліктері қызу талқылап жатыр. Бүгінде халық  тәулік бойғы ақпараттың көбін ғаламтордағы әлеуметтік желілерден алады. Сондықтан сынақ жобаның тиімділігін көрсеткен. Қауіптің алдын алудағы үш елдің ортақ бағдарламасы жайлы Айжан Қуаш әңгімелейді.

Су тасқыны, өрт, террорлық акт. Енді төтенше жағдайларға қатысты ақпараттар ғана емес, шұғыл көмек көресететін қызмет мекен-жайлары да әлеуметтік желіде таратылады. Қауіптен құтқарудың мұндай әдісін Ресей сынап көрген. Нәтижесі айтарлықтай.

Сергей Тарасьянц, Ресей ТЖМ Кострома оқу орталығы өртке қарсы қызметінің бастығы:

Тест сынағын бірінші рет Вологодск облысындағы су тасқыны кезінде, екінші рет Бельгияда теракт болғанда, өткізіп көрдік. Төтенше жағдай аумағындағы барлық әлеуметтік желі пайдаланушылары оқиға туралы СМС-тер алып отырды. Сонымен бірге жеке бас қауіпсіздігін қалай сақтау керек, қайда хабарласу керек, қай мекен-жайға бару керек деген сұрақтардың барлығына жауаптар жіберілді. Жапа шеккендерге бұл үлкен көмек.

Ал, Беларусь мемлекеті соңғы жылдары блогерлердің көмегіне жүгінуді қолға алған. Олар оқиға орнына барып, өмір қауіпсіздігін сақтау сабақтарына қатысады. Бұл бір жағынан ғаламторды шарлаған өсектерді азайтып, халықтың күмәнін сейілтеді. Әсіресе, су тасқыны, террорлық акт, үлкен көлік апаттары кезінде халықты дүрліктіруге тосқауыл жасайды, дейді мамандар.

Виталий Новицкий, Беларусь Республикасы ТЖ министрінің көмекшісі:

Беделді аккаунттар керек. Блогерлер - бүгінде ақпарат таратуда көшбасшы. Олар халық арасынан шыққандықтан, ел оларға сенеді. Өйткені блогерлерге цензура жоқ. Қандай видео түсірсе, соны желілерге сала салады. Білген ақпаратымен бөліседі. Қауіпсіздікке қатысты үйренгенін айтып береді. Халық олардың айтқанын тыңдайды, аласапыран кезінде сабасына түсіп, тыныштанады.

Қазақстандық құтқарушылар шетелдік делегацияның ұсынысын қабылдауға дайын. Жергілікті сайттарда жедел ақпараттар, телефондар мен бейнесабақтар да бар. Телевизия, байланыс операторлары арқылы СМС хабарлар таратады. Енді бұл ақпараттар мен кеңестер әлеуметтік желілерде жайғастырылуы тиіс. Ортақ жоба биыл іске қосылмақ.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі:

Информацияны жай әшейін, оперативный, жедел информация беру ғана емес. Халықтың назарына ұсынылатындай қылайық. Ең бастысы, халық осы ақпаратты оқып үйрену керек. Осының барлығы халықтың төтенше жағдайларға дайын болуға, осы қағидаларды үйренуге көмектеседі деген ойдамыз.

Мамандар сонымен бірге Қазақстандағы оқу бағдарламасына «Өмір қауіпсіздігі негізі» пәнін енгізу туралы ұсыныс жасамақшы. Бұл пән елімізде 2013 жылдан бастап оқытылмай қалған. Құтқарушылар түрлі күштер шиеленісіп жатқан қазіргі заманда балалар оқыс оқиғадан құтылу жолдарын меңгеру керек дегенді айтады.

Айжан ҚУАШ