$520.27 €537.65 ₽5.24
×

Алматыда автотұрақтарды басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі

AstanaTV
26.10.2015ж. 20:00
1469
Алматыда автотұрақтарды басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі

Алматы қаласында көлік тұрағының инфрақұрылымы жаңаша дамитын болды. Бұл ақпаратты қала әкімшілігінің ресми сайты таратуда. Яғни автотұрақ инфрақұрылымының бірыңғай концепциясы жасалмақ. Оның құрамына тұрақ аймағы көрсетілген карта, стационарлық, аула ішіндегі автотұрақтар мен гараж кооперативтері кіреді. Жеке инвесторларды тарта отырып, ақылы автотұрақтар құру жобасы қолға алынады. Ақылы автотұрақтар жүйесі 2016 жылдың мамыр айында жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Автотұрақтарға өзгеріс енгізуге тұрғындардан түскен шағымдар себеп болды.Тұрақ үшін ақы жинап келген мекемелер өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындамай, салықтық заңнаманы талай рет бұзған. Бұдан былай- біреулер заңсыз ақша талап етсе, қала тұрғындары диспетчерлік қызметке хабарласып, шағым түсіре алады. Тұрақтар мәселесін дұрыс шешу, қалада жол көлік қозғалысын жақсартып, көлеңкелі қаржы көздерін шектеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жалға беру мерзімі аяқталған және мақсатты пайдаланылмаған жер телімдері әкімшіліктің қарамағына өтеді.

 С.ҚАНАҒАТОВ