$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Мұнай бағасының құлдырауынан туындаған жағдай экономиканы әртараптандыруға жол ашуы ықтимал

AstanaTV
26.10.2015ж. 20:00
1277
Мұнай бағасының құлдырауынан туындаған жағдай экономиканы әртараптандыруға жол ашуы ықтимал

Мұнай бағасының құлдырауынан туындаған бүгінгі жағдай экономиканы әртараптандыруға жол ашуы ықтимал. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орта Азия бойынша аймақтық басқармасының бас экономисті Ханс Тиммер айтты. Шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, бүгінгі жағдай сауда секторы үшін жаңа көкжиектерге жол ашпақ. «Экономиканы әртараптандыру мұнай бағасы шарықтап тұрған жылдарға қарағанда әлдеқайда қарқынды жүруі ықтимал». Ал отандық экономистер Қазақстанда бұл тұрғыда жаңа қадамдар басталғанын айтады. Бұған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру айтарлықтай ықпал етпек

Мақсат Мұқанов, «Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарма төрағасы:

Қазақстанда жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Ол экономиканы құрылымдық жаңғырту тұрғысында болмақ. Сауда секторларының табысты әрі ұтымды жұмыс істеуге көшуі жеке кәсіп иелеріне де оңтайла болады деген болжам бар. 

Осы тұста Халықаралық Валюта қорының Таяу Шығыс және Орта Азия елдері бойынша өкілі Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы мұнайдан түсетін табыстан қағылуы мүмкін деп дабыл қақты. Бұл жөнінде Forbes жазады. Халықаралық валюта қорының мәліметінше биыл әлемде экономикалық өсім 3,1 пайызды құрайды. Бұл 2008 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ал Орта Азия және Кавказ елдері үшін, Қытай экономикасының құлдырауы да едәуір соққы болып тұр. Өйткені Қытаймен сауда-саттық соңғы 10 жылда 5 млрд-тан 50 млрд долларға дейін өскен

 М.БАҚЫТҚЫЗЫ