$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Депутаттар «Үлескерлер туралы» заң жобасын сынға алды

AstanaTV
28.10.2015ж. 20:00
1194
Депутаттар «Үлескерлер туралы» заң жобасын сынға алды

2007 жылдан бері құрылысы қаңтарылып қалған сегіз тұрғын үй жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Тағы үш үйде 2016 жылы қоныс тойы тойланбақ. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі мәлімдеді. Мәжілісте «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасын таныстырған Қайырбек Өскенбаев Астанадағы «Территория комфорта» тұрғын үй кешені мен Ақтаудағы  бір нысанның жағдайы шешілетінін айтты. Сонымен қатар енді құрылыс компанияларына үлескерлердің қаржысын тартуға заңмен тыйым салынады. Тыйым бұған дейін де салынған. Бірақ әккі құрылыс компаниялары үлескерлерді инвестор деп көрсетіп, қаржы жымқырып келді. Енді кепілдік қоры құрылып, жұмыс қаңтарылып қалған жағдайда үлескердің пәтерге қол жеткізуіне мемлекет кепіл болады. Құрылыс компанияларына талап қатаңдатылады. Мәселен, нарықтағы тәжірибесі 3 жылдан кем болмауы және үйдің қаңқасын өз қаражатына тұрғызуы тиіс.

Қайырбек Өскенбаев,  ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Кепілдік қоры арқылы жұмыс жасалса, сол кепілдік қоры міндетті түрде кепіл береді. Үлескер өз пәтерін алады деген сөз. Бюджетте қазір 15 млдр теңге қарастырып отырмыз. Сол 15 млдр теңгеден бастау аламыз. Негізі ол кепілдік қоры тікелей құрылысқа қатысады деген ойымыз жоқ. механизмдар бойынша құрылыс компаниясы салу керек. ал кепілдік қоры ең болмайтын жағдайда ғана кірісу керек.

Алайда депутаттар «заң жобасын ірі құрылыс компаниялары дайындаған, министрлік олардың мүддесін қорғап отыр» деген пікірде. Мәжілісмен Рауан Шаекин «аталған қор арамтамақтарды асыраудың бір жолы» деп сынады. Алайда Ұлттық экономика министрлігі  құрылысшыларды қорғайтын ойымыз жоқ деп ақталды.

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ҚКХП» фракциясының мүшесі:

Мына заң жобасы тұрғын үй салумен айналысатын құрылыс компанияларында үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің үлесі барын көрсетеді. Өйткені саладағы алаяқтық пен бассыздықтың белең алғаны сонша, оны ауыздықтай алмай отырмыз. 

Рауан Шаекин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Ертең бұл қор жұмыскерлеріне жалақы мен сыйақы берумен айналысып отырады. Біз тағы біраз арамтамақтарды асырамақпыз. Аарада бес жылдай өткенде, бұл жол дұрыс болмапты дейтін боламыз.

Азамат Әбілдаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ Жол» фракциясының мүшесі:

Егер заң жобасын қазіргі күйінде қабылдайтын болсақ, біз құлағалы тұрған 5-6 ірі құрылыс компаниясының мүддесін қорғаймыз. Құрылыс компанияларының қаржыгерлері мен заңгерлері тығырықтан шығудың жақсы жолын ойлап тапты. Мына заң жобасын дайындап шығарды, енді біздің мақұлдауымызды күтіп отыр. Құжатты қабылдамасақ, 2016 жылдың соңында ол компаниялар құрдымға кетеді.

А.ӘДЕПБАЙ