$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Астанада баласын далада қалдырған безбүйрек ана іздестіріліп жатыр

AstanaTV
25.04.2016ж. 20:00
2065
Астанада баласын далада қалдырған безбүйрек ана іздестіріліп жатыр

Тағы да тастанды бала табылды. Қазір шақалақ қалалық №1 перинаталдық орталықтағы дәрігерлердің қатаң бақылауында. Болжамға қарағанда, сәби 22 сәуірде дүниеге келген. Әрі сол күні қалдырылған екен. Оған әзірге Сұлтан деген есім берілген. Денсаулығы мен құжаты реттелген соң, бөбектер үйіне өткізілуі мүмкін. Ал полиция қылмысқа барған келіншекті іздеуге кірісті. 

Тасжүрек анасы қиып, тастап кеткен шақалақ жұма күні кешқұрым мына баспалдақтың қуысынан табылған. Ақмешіт көшесіндегі «Аси» тұрғын үй кешенінің артындағы қоқыс алаңқайы жанынан. Аула сыпырушы Дүйсенбек Есімов сәби табылғанын бірінші естіген. 

Дүйсенбек Есімов, аула сыпырушы:

Жұма күні естідік, өзім көрген жоқпын. Мына жерге бір баланы тастап кетіпті бір әйел деп. Жаңа туған. Бір еркек көрген ғой, осы жерден өтіп бара жатқанда, дауысын естіпті. Көріп, хабарласыпты жедел жәрдемге, полицияға.

Шақалақ жедел жәрдеммен Астанадағы №1 перинаталдық орталыққа әкелінген. Дәрігерлер оның 3 күн бұрын ғана дүние есігін ашқан ұл екенін айтады. Салмағы 1,8 грамм. Денінде қандай да бір туабітті ақау жоқ. Тек аздап суық тиген. Сондықтан жансақтау бөліміне жатқызылыпты. Батырға Сұлтан деген есім берілген.  

Ирина Цубенко, Астана қалалық «№1 перинаталдық орталық» МКК бөлім меңгерушісі:

Шұғыл көмек қажет болды. Себебі баланың кіндігінен қан кеткен, әбден тоңып та қалыпты. Бүгін үшінші тәуілік, жағдайы біршама жақсарып қалды. Қашанға дейін жататынын білмейміз. 22-сәуірде туған деп отырмыз.

Қазір тастандының анасы ізделіп жатыр. Полиция қылмыстық іс қозғаған.

Осы аналарға айтарымыз, жас аналарға, біле білсін жақсы-жаманды. Түсіне білсін деймін. Енді ондайды қалай айтуға болады. Балаларын тастамасын енді.

Бала тастаған қиын ғой. Ана ғой. Ертең ол баланың бетіне қалай қарайды. Ондай аналарды күшті жазалау керек.

Өткен аптада мұндай оқиға Атырау облысында да тіркелді. Құлсарыда қоқыс жәшігінен полиэтилен дорбаға салынған сәбидің өлі денесі табылған. Сақшылар қылмысқа барған келіншекті іздеуде.

Иса Бекқалиев, Атырау облысы Жылыой аудандық Ішкі істер бөлімінің басшысы:

Өліп қалған бала, құттай бала нәресте, бірақ адамның қолымен өлім болмаған. Іздестіріліп жатыр, ол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз әлі анықтаған жоқпыз, анасының кім екенін.

Құралай Пионер, тілші:

Бала тастау қылмысына қатысты - бұл  сәуірде тіркеліп тұрған 4-ші оқиға. Мәселен, ай басында Ақтөбеде тасжүрек келіншек көп қабатты тұрғын үй дәлізіне баласын қалдырып кеткен. Жанына оның туған күні жазылған хат қалдырыпты. Қазір қылмысқа барған келіншектер ұсталған жоқ. Ал кішкентай Сұлтанның жағдайы әзірге белгісіз. Денсаулығы мен құжаттары реттелген соң бөбектер үйіне жіберілмек.

Құралай ПИОНЕР