«Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобының басшысы, мәжілістің экс депутаты Ерқанат Тайжанов Австрияда бой тасалап жүр. Бұл жайында Астана қалалық прокуратурасы өкілдері мәлімдеді. Еске салайық,Тайжанов үлескерлерді сан соқтырып, 27 миллиард теңге көлемінде залал келтірген деп айыпталған. Куәгерлердің мәліметі бойынша қазір ол Венада жасырынып жүр. Алайда Австриямен арада қылміскерлерді экстрадициялау жайында келісім жоқ дейді прокуратура өкілі. Айта кетейік, «Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобы 10 шақты тұрғын үйдің құрылысын жарты жолда тастап кеткен. Осы жылдың шілде айында компанияға қарсы қылмыстық іс қозғалды.
Тимур Көпбосынов Астана қалалық прокуратурасы басқарма прокуроры:
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тайжановқа қатысты сырттай қамауға алу шарасы енгізілді. Атап айтқанда, оған халықаралық іздеу жарияланды. Алдын ала мәліметтер бойынша, Тайжанов Вена қаласында жүр.
Астанада 45 проблемалы құрылыс нысаны бар екен. Оларға үлескерлердің қаражаты тартылған. Алайда, құрылыс жұмыстары жырға айналған көрінеді.
Л.ҚАЗИАҚПАРОВА