$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Ұйқы ауруына шалдыққан Калачи мен Красногорск тұрғындарын көшіру жалғасып жатыр

AstanaTV
29.10.2015ж. 20:00
1511
Ұйқы ауруына шалдыққан Калачи мен Красногорск тұрғындарын көшіру жалғасып жатыр

Ұйқы ауруына шалдыққан Ақмола облысындағы Калачи мен Красногорск тұрғындарын көшіру жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін  75 отбасы Державинск қаласына қоныс аудармақ. 118 жанұя Есіл ауданына көшіріледі деп күтілуде. Қазір тұрғындар болашақ пәтерлерін таңдап жүр.

Ақмола облысындағы ұйқылы Калачи мен Красногорск ауылдары тұрғындарын өзге өңірлерге көшіру мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленген-ді. Міне, соның аясында Державинск қаласындағы ескі әскери қалашықтағы мына үйлер қайта жөндеуден өткізіліп, осындай жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, жыл соңына дейін бұнда 75 отбасы орналасуы тиіс. Ал қазір бұнда әзірге тек 5 жанұя қоныстанған. Мына үйді қайта жөндеуге республикалық бюджеттен 220 миллион теңге бөлінген. Мұнда бір, екі және үш бөлмелі 75 пәтер бар. Әкімдік өкілдері баспана таңдау еркі көшіп келушілердің өзіне берілгенін айтады. Галина әжей Калачиден осында алғашқы болып қоныс аударғандардың бірі. Жалғыз басты әйелге ескі үйде отын-су тасу қиындық тудыратын. Енді міне, жарық та жылы пәтерге қоныстанды. 

Галина Рябичева:

Жергілікті әкімдікке көп рахмет. Олар қаланы аралатып, мектеп, аурухана, бала-бақша барлығын көрсетіп берді. Тұрғындар да жылы қабылдады. Қаланың дамып жатқаны көрініп тұр. Пәтерім жайлы.Коммуналдық қызметшілер келіп барлық жағдайды жасап берді.

Ал Есіл ауданында қоныс аударушыларға арнап екі су жаңа тұрғын үй бой көтеруде. Бірі 45, екіншісі 73 пәтерлік. Жергілікті әкімнің сөзінше, желтоқсан айына дейін мұнда 118 отбасы көшіріледі. Құрылысқа бюджеттен 683 миллион теңге бөлінген. Оның 130 миллионы инфрақұрылымға жұмсалды.Салынған үйлер әзірге жалға беріледі. Ал жекешелендіру мәселесі үкіметтің қарауында 

Аманбек Қалжанов, Есіл ауданы әкімі:

Үкіметке осы мәселе бойынша шыққамыз. Калачи мен Красногорск халқына кезектен тыс шешу жөнінен. Жекеменшігіне беру жөнінен. Бұл мәселе Астанада қаралып жатыр. Әлі бірақ толық шешімін тапқан жоқ.

Калачиде 30 жылдан астам уақыт тұрып келген, Людмила Михайловна дәл осы Есіл қаласына көшуге ниетті. Жергілікті билік өкілдері оны да пәтер таңдауға әдейі шақыртты. Баспанамды көрдім,  жұмыс меселесі де реттелді, бұдан артық не керек,- дейді ол

Людмила Пушакова:

Мамандығым - құрылысшы-техник. Есілде жұмыс табылды. Екі баланың анасымын. Кішкентай қызыма мектепті де таңдадық. Жергілікті билік өкілдері көшіру жұмыстарын мойнына алып отыр. Бір сөзбен айтқанда жаңа өмір бастап жатырмыз. Өте қуаныштымын.

Бүгінге дейін Калачи мен Красногорск ауылдарынан 84 отбасы көшірілді. Олардың бесеуі Жұмыспен қамту, жол картасы бағдарламалары аясында қоныс аударған.Өзгелерін жеке шаруашылық субъектілері қаржыландырды. Жуырда кәсіпкерлердің көмегімен Заречный ауылында 8 пәтерлі тұрғын үй қайта жөнделіп, оған 7 отбасы қоныстанды.

 Ж.БАМАН