$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Павлодарда театр ұжымының жалақы алмай отырғанына екі айға жуықтады

AstanaTV
29.10.2015ж. 20:00
Павлодарда театр ұжымының жалақы алмай отырғанына екі айға жуықтады

Керекуде қазақ драма театрының қызметкерлері екі айдан бері жалақы ала алмай отыр. Бұған мердігер компаниямен арадағы сот процессі себеп.  2013 жылы әртістерге берілген ескі ғимаратқа жөндеу жүргізіледі. Алайда, комиссия «құрылыс тиісті деңгейде атқарылмады» деп, нысанды қабылдамай қойған. Іс сотқа жетіп, оның шешімімен театрдың есепшоты бұғатталды. Екі ортада өнер ұжымы жалақысыз отыр. Әртістер мұң-мұқтажын камераға айтуы мұң екен, басшы осындай мінез көрсетіп шыға келді. Айтуынша, мәселе соншалықты дүрлігетіндей емес.

-Шынында да, екі ай болды жалақы алған жоқпыз. Бұл деген сұмдық қой. Балалар бар, кредит бар. Уақыт келді. Айдың аяғы.

-Болады дедік қой, сендерге. Менің айтқанымды өтірік деп тұрсыңдар ма?

Театр басшысының айтуынша, бар гәп екі жыл бұрын басталыпты. Ескі ғимаратта жөндеу жүргізген құрылыс компаниясы өз ісінде шикіліктерге жол берген. Жұмыс актісі қабылданбай, жобаға бөлінген 12 млн теңге  бюджетке қайтарылады. Бір тиын алмаған мердігер ақыры театрды сотқа берген. Жылға созылған істің нүктесін өткен аптада Жоғарғы сот қойды. 

Мұхтар Байжұманов, Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының директоры:

Ақша бөлінеді. Қашан бөлінетіні, енді оның өздерінің процессуалдық заңнамалары бар. Ақша бірден түседі біздің шотқа. Біздің шоттан автоматты түрде ол ақша «Тэнгри» ЖШС ге түседі. Шот ашылады, сосын бізде қаржыландыру басталады.

Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында 131 адам  жұмыс істейді. Оның 27-сі әртістер. Орташа жалақы 60-80 мың теңгенің арасында. Өнерпаздар осы мардымсыз қаржының өзіне зар болып қалған

Айсұлу Балтабаева  Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының әртісі:

Қазір күн көрудің ең бірінші мәселесі қаражатта. Қайда барсақ та, дүкенге барсақ та. Мен бүгін дәрігердің өзіне барғанда қанша қаражат сұраған кезде мен бұрылдым да кетіп қалдым. Өйткені маған емделуге қаражатым жоқ.

Сәулет ескерткіші болып табылатын бұл ғимарат осыдан 109 жыл бұрын қабырғасы қаланды. Алайда, бірнеше жыл бұрын жергілікті билік бұл нысанды Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымына береді. Жөндеуден өткен 10 пәтер мұндағы жас әртістердің баспана проблемасын шешуі тиіс болатын. Алайда, екі жыл болды проблема сол қалпында. 

Сот шешіміне сәйкес, театрға жөндеу жүргізген мердігерге 10 жарым млн теңге төленуі керек. Анықталғандай, бұл қомақты сома енді облыс әкімінің жеке қорынан бөлінетін болды.

 Ә.МҰХИТҚЫЗЫ