×

Алматыда трамвай депосының жұмысы уақытша тоқтатылады

AstanaTV
30.10.2015ж. 20:00
1098
Алматыда трамвай депосының жұмысы уақытша тоқтатылады

Алматыдағы трамвай депосының жұмысы уақытша тоқтатылады. Аталған көлік жолдарының қауіпсіздігін тексерген комиссия осындай шешім шығарды. «Алматыэлектротранс» серіктестігі мен «Метрополитен» зертханасының мамандары трамвай жолдарын жіті тексерген. Оның барысында рельстердің талапқа сай еместігі анықталды. Шойын жолдың қиылысқан тұстары кеңейіп, рельстер жұқарған, ағаш шпалдар болса шіріп кеткен. Тексеру  қорытындысына сай, трамвай жолдары күрделі жөндеуді қажет етеді. Трамвай депосы мүлде жабыла ма, әлде уақытша тоқтай ма деген тілшілер сауалына «Алматыэлектротанс» басшысының жауабы әзір болып шықты.

Төреәлі Төлегенов, «АлматыЭлектроТранс» ЖШС басқарма төрағасы:

Депо толық жабылады деген мәселе жоқ. Мұны нақты шешу үшін уақыт керек. Мүмкін кейбір бағыттарды жабатын шығармыз. Егер 6-шы бағыттағы жол жабылса, оны -18 және 112 автобус бағыттарымен алмастырамыз.Төле би көшесімен жүретін 4-ші бағыттағы трамвай қалады. Мұның барлығы қаржыға байланысты.

Төреәлі Төлегеновтің айтуынша, депо қызметкерлері далада қалмайды. Барлығы жұмыспен қамтылады. «Алматыэлектротранс» дерегіне сәйкес биыл жыл басынан бері 43 трамвай рельстен шығып кеткен. Еске салайық, соңғы бірер айда Алматыда трамвайдың қатысуымен екі бірдей ірі жол апаты болды. Салдарынан 28 көлік зақымданып, 10 адам жарақат алған.

 С.ҚАНАҒАТОВ