$519.58 €609.36 ₽6.63
×

Павлодар облысында 140 отбасы заңдағы өзгерістер салдарынан оралман мәртебесінен айырылып отыр

AstanaTV
25.04.2016ж. 20:00
1950
Павлодар облысында 140 отбасы заңдағы өзгерістер салдарынан оралман мәртебесінен айырылып отыр

Павлодар облысында не Қазақстан азаматтығы жоқ, не оралман мәртебесі жоқ 140 отбасы тұрады. Ұрпағы атажұртта өссін деген ағайын тығырықтан шығар жол таппай отыр. Бюрократиялық шеңгелдің шырмауында қалғандармен Әсемгүл Мұхитқызы тілдесіп келді. 

Бақытбек Әліпбекұлы - осыдан 4 жыл бұрын Атажұртқа көшіп келгендердің бірі. Успенка ауданының Олгинка ауылына тұрақтады. Жалданып еңбек етіп, ел қатарлы өмір сүріп жатқанын айтады. Бірақ  бір аптадан бері облыс орталығынан кете алмай жүр. Жақында төртінші баласы дүниеге келген. Содан бері басы қатып жүр.

Бақытбек Әліпбекұлы:

Далада қалып отырмын. Өйткені оралман куәлігі өтіп кеткен, сен оралман емессің дейді. Балаға ақша төлеуің керек деп жатыр. 310 мың теңге. Мен оны қалай төлеп беремін? Азаматтығым болмаған соң, жұмысым жоқ. Басымда баспанам жоқ.

Бақытбек Әліпбекұлы 2012 жылдан бері азаматтық ала алмай жүр. Бар гәп осында. Ал ақ халаттылар өзге елдің азаматына тек ақылы қызмет көрсете аламыз деп отыр.

Любовь Ходырева, Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Бұл адам - Қытай республикасының азаматы. Ал Қытаймен біздің ел арасында медициналық көмек көрсету бойынша келісім жоқ. Ауруханаға түскен адамға алғашқы көмек міндетті түрде көрсетіледі. Алайда, заңға сәйкес әр ем-шара үшін ол өз қалтасынан немесе жұмыс берушісі қаржысынан, болмаса, сақтандыру қорынан ақысын төлеуге міндетті. 

Еліміздегі көші-қон заңы соңғы бес жылда үш мәрте өзгеріске ұшырады. 2011 жылы қабылданған құжатқа сәйкес, елге оралған ағайынға «оралман куәлігі» бір жылға беріліп келді. Бірақ 2013 жылы бұл талап өзгертіліп, азаматтығын 4 жылдан кейін алуы тиіс еді. Алайда заң тағы да өзгерген.

Меруерт Есембаева, Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:

2011-2012 жылдары оралман мәртебесі берілген азаматтарға бір жылға берілген мәртебе биылғы жылы олар ұзартылмайды. Яғни ол кісілер өздерінің мәртебесін жоғалтты деген сөз. Сондықтан бүгінгі таңда олар тек шетел азаматы болып қалуда.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бұл жалғыз Бақытбек Әліпбекұлының басына түскен ауыртпалық емес. Көші-қон бөлімінің мәліметінше, 2011-2012 жылдар аралығында Павлодар облысына 195 отбасы қоныс аударған. Оның 55-і азаматтығын алып үлгерсе, 140 шаңырақ, яғни 334 адам, екі ортада қалып қойған. Олардың мәселесі жергілікті жерде емес, Үкіметтік деңгейде қаралса ғана, шешілер, дейді жергілікті көші-қон бөліміндегілер. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ