Доллар
құны шарықтап, теңге тұралаған үстіне тұралап қалды. Бүгін валюта айырбастау пункттерінде долларды сату
құны 284, ал сатып алу 282 теңгеге жетті. KASE-дегі сауда-саттыққа 21 ойыншы
қатысқан. Барлығы 134,5 млн доллар сатылыпты.
Қаржы-валюта нарығын
реттеуші бас банкте басшы ауысқалы бір-ақ күн өтті. Осы бір тәулікте теңге 2-3
теңгеге құнсызданып үлгерді. Сарапшылар пікірі сан алуан. Бірі "доллар
бағамы 300 теңгеге жетеді" десе, енді бірі "жаңа төраға курсты 250
теңге төңірегінде тұрақтандыруға барын салады" деп отыр.
Ақпарат
құралдарында жарияланған "Асыл-Инвест" сараптау департаментінің
директоры Айбар Байкеновтің пікіріне сүйенсек, "Ұлттық банктің бұрынғы
басшылығы тиімсіз саясат жүргізген. Ол елдің қаржы секторына ғана емес, тұтас
экономикаға кері әсер еткен. Осыдан келіп халықтың Ұлттық банк пен теңгеге
деген сенімі ұшты-күйлі жоғалған." "Десе де, Ақышев Келімбетовтің
саясатын жалғастырады. Бірақ оны басқаша жолмен іске асыруы мүмкін. Түбі доллар
300 теңгеге дейін қымбаттайды", - деп қайырды сарапшы.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ