$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қазан айында азық-түлік бағасы 8 пайызға қымбаттады

AstanaTV
03.11.2015ж. 20:00
1372
Қазан айында азық-түлік бағасы 8 пайызға қымбаттады

Ал қарапайым тұрғындарды әлбетте азық-түлік бағасы алаңдатады. Жұрт доллардың қымбаттауымен ілесе жүретін тұтыну тауарлары құнының күн санап артып бара жатқанына ашулы. Алайда қолдан келер қайран жоқ.

Баға барлық аймақта өскен. Павлодарлық тұтынушылар теңге еркін айналымға жіберілгелі бағаның тоқтаусыз шарықтап бара жатқанына қарап, шарасыз күйге түскен. Халық әсіресе ұн мен ет бағасының көтерілгеніне наразы. Сүт өнімдері, жеміс-жидек пен күнбағыс майының бағасы да шарықтап кетті,- дейді тұрғындар. 

Қымбатшылық, қымбат. Бәріне қосып жатыр, қосып жатыр. Қосылмайды деп патшамыз да айтқан, бірақ бір дүкеннен екінші дүкен қымбат.

Молоко, творожок, на тот же хлеб - лишнее себе не могу позволить.

Азық-түлік бағасы Петропавлда да қымбаттап барады. Халық қала орталығындағы ірі дүкендерде тауарлар құны тіптен жоғары деп отыр. Жұрт азын-аулақ тиын-тебенді үнемдеу үшін, коммуналдық базарға ағылуға көшкен. Тұрғындар, баға соңғы бірер айда орта есеппен 20 пайызға өсті, дейді. Мұнда да әсіресе күнбағыс майы мен қанттың құны удай. 

Жаңыл Қожахметова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Егер келімен алса, 220,230 шығады. Дүкендерде 240-тан да бар. Күнбағыс майы да қымбаттап жатыр, күнде қымбаттап жатыр. Барлығы қымбаттап жатыр күнде-күнде.

Қазине Майтуғаева, сатушы:

Мынау доллар көтерілгелі бері, осылай болып жатыр ғой. Мына доллардың өзі бізге қандай қатысы бар, мен түсінбеймін. Бізде ұстамаймыз ғой ол долларды, теңгеміз өзіміздің. Сол бағаның неге көтеріліп жатқанын білмеймін, түсінбеймін мүлдем. 

Ресми мәліметке жүгінсек, қазанда тұтыну тауарлары мен түрлі қызметтер құны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға өсіп, инфляция деңгейі 5,2 пайызды құрады. Атап айтқанда, азық-түлік 4,6 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 10,2 пайызға және ақылы қызметтер 1,1 пайызға өскен. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті хабарлады.

Жемістер мен жаңғақтар 23,4 пайызға, күнбағыс майы - 21,7%-ға, жұмыртқа - 17, балық - 11, жеміс пен көкөніс 10,7 %-ға, қант тоғыз жарым, қарақұмық  - 6, кондитерлік өнімдер - 4,4,  нан 4,2 %-ға қымбаттады. Сонымен қатар  киім, аяқ киім құны 15,5, ал жиһаз бен үйге қажетті заттар  - 15 пайызға, автокөлік - 11, ұялы телефон - 10, фармацевтикалық өнімдер - 9 %-ға артқан. Ал қатты отын - 6,8 %, дизель отыны - 2,4%, бензин бір жарым пайызға өсті. Мейрамханалар мен қонақ үй қызметіне баға деңгейі 4,3 %-ға, шаштараз бен жеке қызмет көрсету құны екі жарым пайызға өсті. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ