Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкентте 157 көп қабатты үй жылусыз отыр

AstanaTV
03.11.2015ж. 20:00
1423
Шымкентте 157 көп қабатты үй жылусыз отыр

Шымкент тұрғындары тоңып отыр. Қалада жылыту маусымы басталғанымен, әлі де жүздеген үй орталық жүйеге қосылмаған. Ресми мәліметке сүйенсек, 157 тұрғын үй жылудан қағылуда. Дірдек қаққан тұрғындар, атқамінерлердің уәдесіне әбден тойдық, дейді. Ал  жылуға жауапты шенділер бар кінәны тұрғындарға жауып әлек.  

Айткүл Қарабаева жылудың берілуін тағатсыздана күтіп жүр. Суық пәтерде бүрсең қаққан отбасы мүшелері үй ішінде сырт киімдерін шешпейді. Орталық жылу жүйесіне қосылудан күдер үзе бастаған Айткүл енді пәтеріне автономды жылытатын қондырғы орнатуды ойластырып жүр. 

Айткүл Қарабаева:

Салқын. Ауырып қаламыз ба деп қорқамыз. Жан-жаққа бүкіл бала-шағамызды таратып жібердік, жылы үй қай жақта бар, сол жаққа. Өзіміз жүрміз әзірше. Жөндеу біткенше, автономды құрдырғанша.

Белгілі болғандай, алпыс пәтерлі үйге жылу келіп-ақ тұр. Тек жылу тарататын қондырғыдағы ақауға байланысты ыстық су жоғары қабаттарға жіберілмеген. Тұрғындар қазан айында ортадан ақша жинап, тозығы жеткен ысырманы алмастырған. Бірақ шарапатын көре алмай отырғанын айтады. 

Гүлжан Ағманова: 

Біздің подвалға жылу келіп тұр. 3 мың теңгеден жинап, задвижканы ауыстырдық. Бірақ келген сантехниктер өз жұмысын  білмейтіндер болды, олар ысырмаға ешқандай қыстырма қоймаған. Енді ыстық келіп тұр, аша алмай отырмыз. Ашсақ су ағады, подвалдың бәрі суға толып жатыр.

Шымкентте 1762 көп қабатты тұрғын үй бар. Жылыту маусымы шаһарда 26 қазанда басталған. Содан бері 1605 үйге жылу беріліпті.  Қалған 157 үй орталық жүйеге қосылмаған. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің ақпарынша, 33 үйде жылуға қосу кезінде ақау орын алған.

Нұрлан Жаманкөзов, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі энергетика секторының меңгерушісі:

Тұрғындар есебінен дайындық жұмыстары, жөндеу жұмыстары уақытылы жасамағанына байланысты қазір осы үйлерде ақау пайда болды. Бір үй жылусыз қалмайды. Толығымен үйлердің бәрін жылуға қосамыз. Және ақауы бар үйлердің кемшіліктерінің бәрін жоямыз.

Жылуға жауаптылар ақау орын алған 33 үйден өзге тағы 124 үйдің жылуға жете алмай отырғанын да жасырмады. Олардың барлығы кестеге сай кезең-кезеңімен сәрсенбі күні кешке дейін қосылады деп сендірді. Жалпы Шымкентте жылу төңірегіндегі мәселе 10 қарашадан қалмай шешімін табады,- дейді шенділер. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ 

Алдыңғы жаңалық