Алматыдағы су жаңа әуежай енді Жетіген
ауылының маңынан бой көтереді. Ал бұдан бұрын
бекітілген Қапшағайда әуежай салу туралы жоспар тоқтатылды. Оның себептерін
Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұқтыбаев мәлімдеді.
Серік Мұқтыбаев, ҚР Көлік және коммуникациялар
министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
Қапшағай қаласында жаңа әуежай салу жобасы тоқтатылды, оның басты себебі -
құрылыс компаниясының біліксіздігі мен тәжірибесінің жоқтығы.
Жаңа әуежай енді Алматы мен Балқаш
шаһарларының арасындағы аймақта салынады. Ол - Алматы қаласының солтүстік-шығыс
бөлігінен 48 шақырым қашықтықта орналасқан Жетіген ауылының маңы. Әзірге таңдалған жердің жалпы аумағы 2 мың шақырымды
құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыратын инвестор - сингапурлық Changi Airports
International компаниясы деп бекітілді. Жаңа әуежай алғаш жылына 10 миллион
жолаушы тасымалдай алса, бұл көрсеткіш уақыт өте 4 есеге дейін өсуі мүмкін.
Серік Мұқтыбаев, ҚР Көлік және коммуникациялар
министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
Дәл осы сингапурлық компания маркетингтік зерттеу жүргізіліп таңдалды. Өйткені, Changi компаниясы - білікті, белгілі бір көлемде
инвестиция жасауға дайын. Жаңа әуежайда ұшып-қонуға арналған қос жолақ болады.
Көлік-логистикалық хаб жасау үшін ыстық және суық қоймалар салынады. Еуропа
және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жүк тасымалдау мүмкіндігі пайда болады.
Сымбат МОЛДАТАЙ