Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шығыс Қазақстанда қаланың іргесінде орналасқан ауылдың атауы жоқ

AstanaTV
03.02.2014ж. 20:00
2131
Шығыс Қазақстанда қаланың іргесінде орналасқан ауылдың атауы жоқ

Үш жүз жыл бойы ат қойылмаған ауыл. Шығыс Қазақстанда қаланың дәл іргесінде орналасқан екі жүзден астам тұрғыны бар ауылдың әлі күнге дейін атауы жоқ. Елді мекен тіпті облыстың картасына да түспеген.  Аты жоқ ауылдың тұрғындары бүгінде ешбір құжаттарын рәсімдей алмай әлек. Балаларын 7 шақырым жерде орналасқан көршілес ауылда оқытуға мәжбүр. Өз бетімен өлместің күнін көріп жатқан жетім ауылға  Қанат Оралбек соқты.


Өскемен қаласынан 17 шақырым жерде орналасқан бұл ауылдың заты бар, аты жоқ. Халық оны жай ғана 17 деп атап кеткен. Елді мекенге атау берілмеуінің себебі - ол Шығыс Қазақстанның картасына кірмей қалған. Бүгінде аты жоқ ауылдың тұрғындары жетім баланың күйін кешуде. Құжаттары рәсімделмеген. Ауылда халықтың тұрмысын көтеруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүргізілмейді. Мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік маңызы зор нысандар мүлдем жоқ.


Бақыт Байзақованың мұнда көшіп келгеніне 15 жыл болған. Содан бері құжаттарын рәсімдей алмай жүр. Ауыл заң жүзінде еш жерде  жоқ,  картада көрсетілмеген. Сол себепті елді мекенде не мектеп, не аурухана мүлде салынбаған. Тұрғындар болса балаларын 7 шақырым жерде орналасқан Алмасай ауылына тасымалдап оқытуға мәжбүр. Бас ауырып, балтыр сыздаса, жедел жәрдем де келмейді мұнда.

 

Бақыт Байзақова:

 

Біздің ауылымызға ат керек. Болашағымыз бар, балаларымыз бар. Үш  рейспен Алмасайға барады балалар оқуға. 

 

Гүлбадан Қалтыкей:


Енді көбі білмейді ғой біздің ауылды. Өскеменнің 17-ші километрі дейді бізді. 

 

Ауыл статусы болмағандықтан, қыстың күні бұл елді мекеннің жолы да тазаланбайды. Жуырда ауыл маңынан салынған темір жол желісі төрт түліктің өріске шығар жолын бөгеп тастаған. Темір жол арқылы арнайы өткел салу үшін картада ауыл көрсетілуге тиісті екен. Сондықтан жайылымға өрген малдың пойыз астын түсіп қырылып жатқан жайы бар.


Жергілікті билік не атауы, не тіркеуі жоқ ауыл жайлы қанық. Ат беру мәселесін бұған дейін көтерген. Соңғы шешім облыстық мәслихатта қабылданбақ.

 

Айдос Садықов, Ұлан ауданының әкімі:


17-мекен тұрғындарының арызы аудандық маслихатта қаралып, облысқа жіберілген. Мен ойлаймын жуырда бір шешім шығарылады.

 

Ресейдегі мұрағаттан жергілікті тұрғындар ауылдың құрылу тарихы туралы деректерді тауып қойған. Тарихи құжаттарға сүйенсек, бұл ауыл сонау 1730 жылдары пайда болған.  Оған осы өңірде өмір сүрген Айтқұл батыр туралы жазбалар дәйек болып отыр. Әбілхайыр ханның тұсында осы өңірде ауылнай болған Айтқұл Қожағұл баласының есімін ұрпақтары енді ауылға берсек деп отыр. Айтқұл Қожағұлұлы Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы құжатқа  қол қойған 50 тұлғаның бірі болған екен. Қалай десек те, тұрғындар ауылға ат беру ісі тағы да үш жүз жылға созылып кетпей, тезірек шешімін тапса дейді.


Қанат ОРАЛБЕК    


Алдыңғы жаңалық