Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

2014 жылы елімізде республикалық маңызы бар 2,3 мың шақырым автожол жөнделмек

AstanaTV
03.02.2014ж. 20:00
1414
2014 жылы елімізде республикалық маңызы бар 2,3 мың шақырым автожол жөнделмек

2014 жылы елімізде республикалық маңызы бар 2,3 мың шақырым автожол жөнделмек. Сондай-ақ елімізде жолаушыларға қызмет көрсету сапасының стандарттары енгізіледі. Отандық ұялы байланыс қызметінің тарифтері де төмендетіле түспек. Осы және өзге де игі шаралардың іске асу барысымен бүгін отандық Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев таныстырды.

 

Жаңа жыл - жаңа мақсаттар мен жаңа міндеттер. Бүгін Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев 2014 жылы атқарылмақ істердің бірқатарын тізбектеді. Алғашқы қатарда жол және жолаушы мәселесі.

 

Асқар Жұмағалиев, ҚР Көлік және коммуникация министрі:

 

2014 жылы елімізде республикалық маңызы бар 2,3 мың шақырым автожол жөнделеді, 18 қосымша электрондық таразы орнатылады, жаңадан бес жоғары жылдамдықты темір жол бағдары іске қосылмақ.

 

«2020 жылға дейін республикада 34 автовокзал, 45 автостанция және жолаушылар қызмет көрсететін 155 бекет салу жоспарланған. 11 әуежайдың ұшу-қону жолақтарын және жолаушы терминалдарын реконструкциялау жұмысы да жасалмақ. Бастысы, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы да артпақ»,  - деп қосты министр.

 

Асқар Жұмағалиев, ҚР Көлік және коммуникация министрі:

 

Қазіргі таңда елімізде жолаушыларға қызмет көрсету сапасының жаңа стандарттары енгізілуде. Мәселен, биыл отандық тасымалдаушылар қызметін жақсарту мақсатында электрондық билеттеу жүйесі енгізіледі.

 

Сондай-ақ министр жуырда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының саны 9-ға жететіндігін айтты. Оның пайымдауынша, орталықтар Талдықорған, Павлодар, Петропавл және Қызылорда қалаларында ашылады деп күтілуде.

 

Асқар Жұмағалиев, ҚР Көлік және коммуникация министрі:

 

Халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік қызметтер саны тағы 20 ұлғаяды. Орталықтардың барлық аудандық бөлімшелерінде өзіне-өзі қызмет көрсету орындарының жұмысы ұйымдастырылады. Сонымен бірге «Қазпоштаның» 29 бөлімшелері арқылы мемлекеттік қызметтерді алыстағы ауылдық мекендерде көрсету мүмкіндігін іске асыру жоспарланып отыр.

 

Алқалы отырыс барысында отандық байланыс жүйесінің сапасы сынға алынды. Министр отандық ұялы байланыс тарифтері төмен деді. 150 елдің арасынан 42-ші орынға орнықтық деп еді. Алайда жиынға қатысып отырған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, жаңашыл ұялы байланыс түрінің тіпті жауапты мекеменің ғимаратында дұрыс істемейтіндігін айтып састырды.

 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

 

Я буквально даже сейчас проверял качество связи в этом зале, то есть 3G, то нет. Вроде бы как министерство отвечает за этот вопрос.

 
Өз ретінде Асқар Жұмағалиев айтылған сынды мойындап, олқылықтарды болдырмау мақсатында Астана мен Алматы қалаларында қосымша базалық станциялар орнатылып жатқандығын жеткізді.

 

Жұрағат БАМАН