Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қостанай: Ата-аналар қайта құрылған балалар емханасының қызметіне наразы

AstanaTV
04.02.2014ж. 10:00
1402
Қостанай: Ата-аналар қайта құрылған балалар емханасының қызметіне наразы

Қостанайлық балғындар хирург немесе лор-дәрігердің кеңесін ақылы алуға мәжбүр. Қаладағы нөмірі екінші емхананың осындай жаңа ережесі жыл басынан бері қолданысқа енген. Өткен жылы денсаулық саласына реформа енгізіліп, нәтижесінде балалар мен ересектер емханасы біріктірілген болатын. Осы қарбалас тұста емдеу мекемесінің басшылары санаулы дәрігерлермен келісім-шарт жасап үлгермей қалыпты.

Шаһардағы екінші емханада тоғыз мыңға жуық бала тіркелген. Жаңа жылдан бері балғындар үшін тек педиатр маманның қызметі тегін. Ал көз, жүрек дәрігері, оташы секілді мамандарға қаралу үшін сегіз жүзден мың жарым теңгеге дейін ақша төлеу қажет. Екі баланың анасы Светлана Егзекова ақылы қызмет туралы ақпарды қалалық балар емханасының сайтынан оқып таң қалыпты.

Светлана Егзекова:

Әуелі әзіл шығар деп ойладым. Өйткені, мемлекеттік емхана емес пе? Егер жеке болса, оған өзіміз де барамыз ғой. Әрине, қалтаға салмақ түсіреді.

Денсаулық сақтау саласындағы реформа аясында өткен жылы жазда балалар емханасы ересектер емдеу мекемесіне біріктірілді. Тың өзгерістен соң санаулы дәрігерлер сол бұрынғы орнында тегін қызмет көрсете берген. Бұл проблема биыл ушығып кетті. Қос мекеме басшылары өзара келісе алмай қалған көрінеді. Екінші емхана дәрігерлермен келісім-шарт жасап үлгермеген. Ал кейінгісі, ақылы қызмет көрсетуге көшкен.

Қайықмолла Шұғаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Договор субподряда деген бар. Яғни олар бөтен ауруханаларда, емханаларда келісім-шарт бекіту керек еді. Қандай дәрігер бар. Солар тегін қарау керек еді. Бірақ нөмірі екінші емхананың 
Бас дәрігері келісім жасамаған. Осындай бір проблемы шықты сосын.

Алайда нөмірі екінші емхананың Бас дәрігері Қарлыға Омарова Басқарма басшысының орынбасары айтқан сөзді жоққа шығарады. Оның айтуынша, мамандандырылған балалар емханасымен келісім жасалған.

Қарлыға Омарова, № 2 қалалық емхана Бас дәрігері:

Сол Бас дәрігермен біз келісіп шешкенбіз. Олар негізі бізге тіркелген науқастарды тегін қабылдауы тиіс. Неге олар ақша сұрап жатқаны түсініксіз. Бұл сұрақты сол Бас дәрігерге қойыңыздар.

Қаладағы нөмірі екінші емханада қазір тек педиатр мамандар жұмыс істеуде. Ал арнайы мамандар екі күннен кейін балғындарды қабылдауға кіріседі. Әзірге олардың отыратын орындары мен жеке бөлмелері жабдықталып жатыр, - дейді Бас дәрігер.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары бұл жағдайды тез арада қалпына келтіреміз, дейді. Қаңтар айындағы демалыс күндердің көп болғандығы осындай келеңсіздік туғызған көрінеді. Екі күннің ішінде нөмірі екінші емханада санаулы дәрігерлер түгел жұмысқа кіріседі деп уәде етті.

Заңғар САНАЙ