$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Өзбекстан оңтүстік өңірлерге беретін газ мөлшерін шектеп тастады

AstanaTV
04.02.2014ж. 20:00
1238
Өзбекстан оңтүстік өңірлерге беретін газ мөлшерін шектеп тастады

Өзбекстан оңтүстік өңірлерге беретін газ мөлшерін шектеп тастады. Соңғы екі тәуліктен бері тиесілі 420 мың текше метр газдың орнына облыс сағатына бар болғаны 120 мың текше метр көгілдір отынды қанағат тұтуға мәжбүр. Салдарынан Шымкентте көгілдір отынның қысымы азайып кетті. Бүгін облыс орталығындағы бірқатар шағын аудандарға беріліп жатқан табиғи отынның қуаты айтарлықтай бәсеңдегені байқалды. Энергетика басқармасының өкілдері көршілердің бұл әрекетін техникалық себептермен байланыстырып отыр. Мәселе апта соңына дейін шешіледі деп сендіреді. Айтуларынша, газсыз отырған елді мекендер жоқ.

Лесбек Серікбаев, ОҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары:

Қысымды өз деңгейінде сақтап, абоненттерге табиғи газды тұрақты түрде беру үшін қазір Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральді газ құбырына қосымша газ беріліп жатыр. 200 мың текше метрге жуық, одан бөлек, "Полторацкий" газ сақтау қоймасы бар бізде, содан 88 мың текше метр сағатына қосымша газ беріліп жатыр.

Дегенмен, төмендеген қысымды қалыпта ұстау үшін шаһар басшылары қосымша амалдар жасап бағуда. Шымкенттегі бірнеше ірі өндірістік мекемелер бірер күнге 100% газдан ажыратылады. Осының есебінен сағатына 10 текше метрге дейін газ үнемдеуге мүмкіндік бар, - дейді қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов. Әзірге алпауыт кәсіпорындар арасында қаланы жылумен қамтитын "3 энергоорталық" қана 50% көгілдір отын алып отыр.

Жарқынбек Әлімбетов, «3 энергоорталық» АҚ бас директорының орынбасары:

Газ дәл қазіргі кезде сағатына 30 мың текше метр келіп тұр. Яғни, біздің пайдалануымыздың жартысы ғана. Ал жартысын біз мазут жағып, соны қамтамасыз етіп отырмыз. Қалаға жіберіп тұрған қазіргі штат режимдегі температура 90 градус, жылудың қайтымы 50 градус, яғни, ешқандай кемшілік болған жоқ. Қаланы жылумен одан әрі де қамтамасыз ете береміз.

Осы жаңа ғана "ҚазТрансГазАймақ" АҚ баспасөз қызметі Өзбекстан тарапынан келетін газ мөлшері біртіндеп қалыпқа келе бастағанын хабарлады. Таңғы жетіден мүлдем келуі тоқтаған газ екі сағат сайын үстемеленіп отыр. Мекеменің хабарлауынша, отынның азаюына қатты аяз себеп болған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ