Ресей рублі бұрынғыдан бетер құлдырайды. Қазақстанның Ұлттық банк төрағасы
Қайрат Келімбетов бүгін Женевада Graduate Institute беделді мамандары
алдында осыны мәлімдеді. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі долларға қатысты
бағаны ақша көлемімен ұстап тұру саясатынан бас тартты. Мұның салдары
халықаралық валютаның қымбаттауына әкелді. Дамушы елдерде белең алған дүрлігу
бекер емес. Бас банкир бірқатар елдердің төл валютасы әлсіреп, жаппай
девальвация болады деген ойын да жасырмайды.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Дамушы елдердегі жаппай актив сатылымы, сәйкесінше, аталмыш мемлекеттер
валютасының құлдырауы - бұл тек бастама ғана. Осы жылы біз жаппай девальвацияға
куә боламыз. Ресей экономикасындағы проблемалар - дамушы елдердің нарығына ортақ мәселе.
Келімбетов Қазақстан экономикасы үшін мұнай бағасының
арзандауы мен Ресей рублінің құлдырауы - қауіпті факторлар екенін айта келе,
Ұлттық банк теңгеге қатысты ахуалды бақылауда ұстауға қауқарлы екенін
мәлімдеді. Жалпы, Ресей рублінің құлдырауына бірқатар ішкі-сыртқы себептер әсер
еткен.
АҚШ-тың қаржы саясатынан бөлек, әлемдік мұнай саудасына Иранның қосылуы
да ықпал етпей қоймады. Өткен бір жыл ішінде жеті пайызға төмендеген Ресей
валютасы биылғы бір айда сегіз пайызға құлдырап кетті. Қазір халқы дүрлігуде.
Бәрінің сөз ететіні рубльдің тағдыры. Елдегі ток-шоулардың өзі
қаржылық-экономикалық тақырыптарды талқылап әлек. Ал Қазақстандық сарапшылар
ресей валютасының әлсіреуі төл теңгемізге айтарлықтай әсер етпейді деген
сенімде.
Анатолий Хегай, қаржы сарапшысы:
Азғантай әсері болады, бірақ рубльдің ықпалы зор емес. Бізде теңге саясаты
реттелген. Валюта қоры да мықты. Біздегі экономикалық өсім Ресейден әлдеқайда
жоғары. Екі елдің тығыз экономикалық қарым-қатынасына қарамастан, Қазақстанның
Ұлттық банкінің дербес саясаты бар.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ