Түркияда «EXPO-2016» дүниежүзі
ботаникалық халықарылық көрмесі ашылды. Болжам бойынша, 100 шақты елден 8
миллион турист келуі керек еді. Алайда бұл сарапшылар күдігін үдетті. Қаржылық
қиындықтарға байланысты бірқатар ел бұл шараға қатысудан бас тартқан. Ал билік
осы көрме арқасында туризмді жандандырмақ болған еді. Самат Сүлей тарқатады.
Антальяда ашылған ЕХРО-2016-ға
қатысушылардың жоспарлағаннан екі есе аз болып отыр. Бұл ұйымдастырушы мемлекет
үшін тиімсіз. Түрік сарапшыларының пайымы осы. Қазір шараға 50 ел ғана қатысып
отыр. Сарапшылар бұл әлемдік дағдарыстың салқыны деп түсіндіреді.
Рамазан Солак, сарапшы:
Бұл үкімет болжағандай, бірден
жемісін бере қоюы екіталай. Себебі Еуропа елдерінің көбісі қаржылық
қиындықтарға байланысты бас тартып отырған секілді. Оның үстіне ұлттық
валютамыз лира мен доллар арасында тұрақтылық болмай тұр.
Түрік билігі бұл ЭКСПО-дан
үлкен үміт күтіп отыр. Әртүрлі мемлекеттен 8 миллион турист келеді, оған қоса
қаржылай да пайда көреміз деп жоспарлаған еді.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия
президенті:
Көрмеге арнап көптеген саябақ пен алып мәдени орталықтар
салынды. Осының барлығы мәдениетті һәм табиғатты таныстыратын орталық.
Еңбегіміз еш кетпей, көрмеге келушілер жағынан әлемде рекорд жасайтын боламыз.
Бүгінге дейін туристерге бір миллионнан аса билет сатылды. Ал шарадан соң ел
қазынасына 1,8 млрд лира табыс түседі деп сенеміз.
Түріктің туризм астанасы
саналатын Анталия былтырдан бері 4 жарым миллион туристі жоғалтып, одан түсетін
он млрд доллар қаржысынан қағылып отыр. Сондықтан олар туризм саласын аяғынан
тұрғызуға ниетті.
Фарух Челик, «Antalya Expo
2016» басқармасының төрағасы:
Иа, біздің көрмеміздің уақыты
өте қиын кезеңге түсіп қалды. Дегенмен, оған қарамастан, қолға алған
жұмыстарымызды уақытынан бұрын бітірдік. Елу мемлекеттің қатысу да - біз үшін
үлкен жетістік. Өйткені ең басында 16 мемлекет ғана өтініш берген болатын. Жан-жақты келіссөздердің арқасында 50-ден асырдық. Бірақ әлі де келеді деп
сенеміз.
Самат Сүлей, тілші:
Аталған көрме 6 айға
жоспарланып отыр. Оның аясында 22 мың шара өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар,
қоршаған ортаны қорғау, күн энергиясын тиімді пайдаланудың жолдарын ұсынатын
жоба әзірленеді.
Самат СҮЛЕЙ