Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылордада тозығы жеткен кәріз жүйелері бітеліп жатыр

AstanaTV
28.04.2016ж. 20:00
2312
Қызылордада тозығы жеткен кәріз жүйелері бітеліп жатыр

Қызылордадағы кәріз жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Жауапты мекеменің мамандары күніне 30 шақты шақырту түсетінін айтады. Олардың барлығында орын алып жатқан апаттың салдарын жоюға мүмкіндік жоқ деп отыр. Қойсары батыр көшесіндегі тұрғындар, тесілген құбырдан аққан лас судан көлшік пайда болғанын айтып арнамызға хабарласты. Оқиға орнына барған әріптесім Шарипа Сақтапованың репортажы.

Лас судан пайда болған көлшіктің маңайы маса мен өзге де жәндікке толған. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тұрғындард бұл азапқа жарты жылдан бері төзіп келеміз дейді. Алғашында апаттан құтқару қызметі лас суды сорғызғанымен, оны толықтай жоя алмаған. Енді тұрғындар кәріз қалдықтары ішіп отырған суымызға араласып кетті ме деп қауіптенеді.

Дәулетияр Шаханов, Қойсары батыр көшесінің тұрғыны:

Өзгереді дәмі, өзгергенде не қыламыз Қолдан ештене келмейды, айтып-айтып, шаршадық. Нақты мәселе - КНС-тың суын тыйып беру керек бізге.

Айбарша Бижанова, Қойсары батыр көшесінің тұрғыны:

Үстіне қанша нәрселер қонып жатыр, оның бәрі балаларға ауру емес пе?  Балаларды шағады олар. Ананын иісі осы тұрғанда әлемді алып жатыр. Балаларға қанша жұқпалы ауру оның бәрі.

Тұрғындар тесілген кәріз құбыры мына мектепке тиесілі екенін айтады. Бірақ, білім ошағының басшысымен тілдесудің сәті түспеді, директор жұмыс орнына болмай шықты. Мазасы қашқан тұрғындар, басшының жағдайдан хабардар екенін айтты.

Бақытгүл Әліпбекова,  Қойсары батыр көшесінің тұрғыны:

Директорымен кездестік бір емес, екі мәрте. Бірақ директор бізде оған қаражат бөлінбейді, біздің қолымыздан келмейді деп, шығарып салды.

Сергелдеңге түскен тұрғындар тиісті мекемелерге арызданған. Ал Қызылорда су жүйесінің мамандары шағымданышулардың көптігін, барлығына бірдей дер кезінде көмек көрсетуге шамалары келмейтінін мойындайды. Өйткені, кәріз жүйелерінің тозығы жеткен.

Нұржан Диханбаев,  «Қызылорда су жүйесі» МКМ басшысы:

Күніне осы кәріз жүйесінің апаты бойынша отызға дейін шақырту түседі. Басқа қалаларымен салыстырғанда Қызылорданың  кәріз жүйесінде ақау көп,соның кесірінен лас су тұнып қалады. Ал ішіп отырған сулары бүлінбесін деп біз су жүйесін хлорлап, тазартып жатырмыз.

Басшы халық тұтынатын суға еш кауіп төнбейді деп сендірді. Ондай жағдай орын алса жұқпалы аурулар тарап кетер еді,-дейді. Бұл шағын аудандағы кәріз толығымен тазартылатынын айтты. Алайда, қаланың өзге аудандарынан да шағымдар үзілетін емес. Шаһардағы төрт жүз шақырымға созылған кәріз жүйесі жарты ғасыр бұрын салынған. Мамандардын пайымынша, барлығын тазартып шығу үшін бес-алты жыл уақыт керек. Жақында  кәрізді тазартатын арнайы техника сатып алынған. Ендігі үміт сол техникада.

Шарипа САҚТАПОВА