$447.14 €499.54 ₽5.46

Қарағандыда балаларды оңалту орталығы салынып жатыр

09.11.2026ж. 19:00
Қарағандыда балаларды оңалту орталығы салынып жатыр

Қарағандыда балаларды оңалту орталығы ашылады. Қазіргі таңда мекеменің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін ондай орталық елімізде тек Астана қаласында ғана жұмыс істеп келді. Ал өңірлердегі науқастар ұзақ кезек күтіп қалатын. Жаңа орталық ашылса бұл проблема толық шешілмек. 

АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ: 

«Қарағанды елімізде экологиясы нашар өңірлердің бірі. Бәлкім сол себептен болар, туадан түзетуді қажет ететін ерекше бала көп. Облыста мүгедектігі бар әрбір үшінші баланың психоневрологиялық ауруы бар. Жыл сайын 2 жүзден астам науқас елордадағы оңалту орталығына квотамен барып емделеді. Ол үшін кейбірі айлап- жылдап кезек күтуге мәжбүр. Ата- аналар бұл мәселені талай рет көтерген болатын».

Жылдар бойы айтылып келген проблема енді шешілмек. Жаңа оңалту орталығы Пришахтинск ауданының 22-ші шағын ауданында салынып жатыр. Спорт зал, бассейн, ойын алаңдары қарастырылған орталықта медициналық көмекпен бірге педагогикалық түзету, әлеуметтік бейімдеу секілді коррекция түрлері қамтылған кешенді оңалту жүйесін дамыту жоспарлануда. Жобаны Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғиният бастаған жұмыс тобы бақылауға алған. Бағдарламаға физиотерапия, емдік дене шынықтыру, бассейн, аппараттық емдеу әдістері, сондай-ақ дефектология, музыкалық терапия, ұсақ моториканы дамыту бойынша сабақтар кіреді. Монтессори кабинеттері, шеберхана секілді түрлі кеңістік қарастырылған. 

АЖАР ҒИНАЯТ, ҰЛТТЫҚ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

«Қазіргі кезде біздің республикамызда ең жоғарғы деңгейде балаларға оңалту көмегін көрсететін реабилитациялық орталықтар аз. Астанадағы орталыққа кезек үлкен болып тұр. Кейбір өңірлерден осы орталыққа келіп ем алу үшін екі- үш жылдай уақыт керек. Сондықтан да денсауылқ сақтау министрлігі ұлттық балаларды оғалту орталығы барлық өңірлерде әсіресе экология жағдайы шамалы, мүгедектігі бар балалардың көп жерлерінде, аурушаңдық көп жерлерде осындай орталықтың филиалын ашу жоспарланып отыр».

Мекемеде бір мезетте 75 бала оңалтудан өтеді. 150 қызметкер жұмыс істемек. Жыл сайын мыңнан астам науқас стационарлық көмек алса, тағы екі мыңға жуық бала амбулаториялық оңалтудан өтпек. Осылайша, отбасылар өзге қалаға барып шаршамай-ақ өз қаласында медициналық қызметке қол жеткізбек. 

ОРАЗ ТАУРБЕКОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Өкінішке қарай аталған оңалту болмағандықтан бізде жыл сайын белгіленген квотаға сәйкес 210 мың бала Астанаға баруға мәжбүр. Сондықтан осы орталық ашумен біз бұл проблеманы толығымен жабамыз және де осы қажетті қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеміз».

Нысанның құрылысы Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген балаларға оңалту көмегінің қолжетімді және сапалы жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасы бойынша жүргізілуде.