Қыстың беті қайтар емес. Қатты аяз аптаның соңына дейін сақталатын түрі
бар. Ал көктемнің ауылы әзірге алыстау секілді. Синоптиктер "наурыз айы салқын
болады" деп отыр. Өткен апта соңында басталып, демалыс күндері де жалғасқан боран
мен сақылдаған сары аяз қазақстандықтарды тағы әбігерге салуда. Қазақстанның
қай өңірі қыс құрсауынан қатты зардап шекті? Әлия Әшім таразылап көрді.
Қыстан қажыған халық көктемді тағатсыздана күткенімен, кәрі құда қыс
оңайлықпен берісер емес. Демалыс күндері ақ түтек боран бірқатар облыстарда
жолды бітеп тастады. Ал саршұнақ аяз салдарынан кезекті рет мектеп оқушылары
үшін сабақ тоқтады.
"Ақтөбелік жолаушылар өз өміріне алаңдамайтын секілді", - дейді мамандар.
Ескертуге құлақ аспай, алыс жолға шығып кеткен 2000-ға жуық көлік қар
құрсауынан құтқарылды. Жүйткіген жел мен ұйтқыған боран салдарынан тас
жолдардың барлығы тарс жабылған. Табиғаттың қыңыр мінезінен зардап шеккен жүк
және жеңіл көліктермен қатар қалааралық автобустар да бар. Абырой болғанда, адам
шығыны болмады.
Қуаныш Маймақов, «Қазақавтожол» ММ Ақтөбе облыстық филиалының бөлім
жетекшісі:
Жолаушылар мен жүргізушілердің жауапкершілігі төмен. Ескертулерге
қарамастан жолға шығып кетеді. Екіншіден, автомобильдер техникалық талаптарға
сай емес. Сондықтан жолды сынып қалады. Сол себептен үлкен заторлар пайда
болады жолда. Сондықтан біздің күшімізге жүгінуге тура келеді.
Жамбыл облысында қарлы боранда қалып қойған 400-ден аса адам құтқарылды.
Соңғы 2 күнде күн райы күрт бұзылып, қарлы жел бет қаратпай соғуда. Бірқатар
жолдар жабылды. Ал екпіні секундына 20 метр жылдамдықпен соққан бұрқасында бір
адым жүре алмаған адамдар сабырын жоғалтып, шу да шығарады.
Құтқарушылар бұрқасынмен бес сағаттан аса арпалысып, биіктігі 30
сантиметрге жеткен қарды әрең дегенде тазалап шыққан. Ал боранның беті қайтқан
соң, жабық жолдарды жол сақшылары ашып жатыр.
Еліміздің Шығысы да ақ түтек боранға төтеп бере алмай жатыр. 2000-нан аса
адам жолда қалған жерінен құтқарылса, өзге аймақтарға бағыт алған тас жолдар
түгел жабылды. Жиырма төрт сағат бойы тапжылмай тер төккен құтқарушылар 20
автобус пен 165 автокөлікті қардан аршып алдық деп отыр. Құтқару жұмыстарына
барлығы 76 арнайы техника жұмылдырылған.
Ал Астанадағы аяз
мектептегі сабақты тағы шегерді. Сынап бағанасы минус 40 градусқа дейін
төмендеп, 1-9 сыныптарға сабақ болмады бүгін.
Әлия Оспанова, жетекші инженер:
Алдағы екі күнде аязды күндер еліміздің солтүстік, шығыс өңірлерінде және Қарағанды облысында әлі де сақталады. Солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс
өңірлерінде тұрақсыздық байқалады. Қар жауып, оңтүстікте қар жауады. Бұрқасын
байқалып, жел күшейеді.
Синоптиктер аяздың ай соңына дейін сақталатынын айтады. Сондықтан алыс
жолға шықпауды ескертеді. Мамандардың болжауынша, наурыз айы да салқын болмақ.
Әлия ӘШІМ