$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Түркиядағы 11 қаланың мыңдаған азаматы премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етуде

AstanaTV
27.02.2014ж. 13:00
1122
Түркиядағы 11 қаланың мыңдаған азаматы премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етуде

Түркияның 11 қаласында бірден жаппай шеру болып жатыр. Ашуға булыққан адамдар премьер-министр Реджеп Тайип Эрдоғанның қызметтен кетуін талап етуде. Бір ғана Стамбұлдың өзінде кеше он мыңға жуық адам шеруге шықты.

Тәртіп сақшылары тұрғындарға қарсы көз жасаурататын газ, пневмогидрозеңбіректер қолданып жатыр. Стамбұлмен қоса, Измир, Анкара және елдің ірі жеті қаласында осындай шеру тіркелді.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Түркия тұрғындары бұдан да аумақты акция ұйымдастыруға уәде берген. Наразылық «Премьер-министр Эрдоғанның ұлымен телефон әңгімесі» аталған материал жарияланған соң лезде өршіп кетті. Түпнұсқаның айғақтығы дәлелденбеген аудиофайлда премьер өз ұлымен үйдегі ірі көлемді ақшаны қайда жасыратыны туралы ақылдасқан-мыс. Бұл диалог желіде лезде тарап кетті. Енді Түркия халқы премьер-министрді «ұры, қарақшы, жемқор» деп айыптауда.

Айта кетейік, Түркия Үкіметі YouTube порталында тарап кеткен бұл жазбаны жалған деп жариялады. 2013-ші жылдың 17-ші желтоқсан күні Анкара мен Стамбұлда бірнеше министр, бизнесмен және олардың балалары жемқорлық үшін ұсталған-ды. «Үлкен пара» деп аталған бұл оқиғадан соң, 16 аймақтың бас полициясы, 96 прокурор және судьялар қызметтен айрылды, министрлер тұтас ауысты.

Сымбат МОЛДАТАЙ