Астанадағы дипломатиялық корпус өкілдері «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдауының жұмысымен танысты. Мәртебелі меймандар партияның «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарынан мағлұмат алды. Сондай-ақ Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен атқарылып жатқан ішкі саяси тұрақтылықты нығайту, азаматтық келісім мен бірігуге бағытталған жұмыстардан хабардар болды.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Енді бірнеше күннен соң біздің партиямызға 15 жыл толады. 15 жыл дегеніміз
ол - партияның халықпен бірге жүріп өткен табысты да, ауыр жолы. Елбасымыздың
басшылығымен 22 жылда елімізде орасан зор өзгерістер болды, бүгінгі таңда
біздің азаматтарымыздың әл-ауқаты ұдайы артып келеді. Партияның 15 жыл бойғы
мақсаты бірлікті, әл-ауқатты және қоғамдағы келісімді қамтамасыз ету болып
келді.
Дипломатиялық корпус өкілдері ашықтық, тиімділік пен жауапкершілік
ұстанымына негізделіп құрылған «Нұр Отан» партиясының жаңа үлгідегі жұмысымен
танысты. «Электронды партия» жобасы жайында да ақпарат алып, азаматтарды
қабылдау бөлмелері мен ситуациялық орталықта болды. Өз кезегінде дипломаттар
мемлекеттің ұйытқысы болып отырған басты партияның ауқымды жұмыстарына жоғары
баға беріп, жылы лебіз білдірді.
Гидо Херц, Германия Федеративті Республикасының Қазақстандағы Төтенше Және
Өкілетті Елшісі:
«Нұр Отан» партиясын 15 жылдығымен құттықтаймын! Маған партияның
орталықшылдық бағыт ұстайтыны ұнайды. Бұл елдің саяси өміріне белсене
араласудағы үздік тәсіл. Тәуелсіз жылдардағы Қазақстанның жетістігі Нұр Отанның
да еңбегі. Партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа партияның 15
жылдық жемісті жұмысына байланысты өз құттықтауымды білдіргім келеді!
Жағир Сухуээ, Монғолияның
Қазақстандағы Төтенше Және Өкілетті Елшісі:
«Нұр Отан» партиясының жемісті жұмысы бәрімізге аян. Сапаға мән берген
жұмыстың арқасында халықтың қолдауына ие болды. Соңғы 15 жылда Қазақстан
қарыштап дамып келеді, халықтың әл-ауқаты да жақсара түсуде, осының бәрі партия
мен оның мүшелерінің еңбегі. «Нұр Отан» партиясы мен оның мүшелерін 15
жылдығымен құттықтаймын, республика мен елдің игілігі үшін бұрынғыдан да зор
табыстар тілеймін!
15 жыл ішінде "Нұр Отан" партиясының қызметінде шетелдік саяси
партиялармен ынтымақтастық туралы 11 меморандумға қол қойылған. 2013 жылы
Астанада Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшесі Чжао
Лэцзимен кездесу өтті. Оңтүстік Кореяның «Сэнури» және Малайзияның «ОМНО»
басқарушы партияларымен өзара байланыс орнады. Ал наурызда «Нұр Отан»
партиясының делегациясы Дублинде өтетін Еуропа халықтық партияларының ХХІІ
Конгресіне қатысуды жоспарлап отыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ