$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстандағы үш бірдей аграрлық университет Ауыл шаруашылығы министрлігінің қамқорлығына өтуі мүмкін

AstanaTV
03.03.2014ж. 20:00
5378
Қазақстандағы үш бірдей аграрлық университет Ауыл шаруашылығы министрлігінің қамқорлығына өтуі мүмкін

Қазақстандағы үш бірдей аграрлық университет Ауыл шаруашылығы министрлігінің қамқорлығына өтуі мүмкін. Министр Асылжан Мамытбеков Үкімет отырысында осындай ұсыныс айтқан. Дегенмен бұл бастамаға Астанадағы агротехникалық университеттің ғалымдары наразы. Олардың айтуынша, Білім және ғылым министрлігінен ауысу көптеген кедергілер келтіреді. Жылдар бойы жазылған жоспарлардың талқанын шығарып, ғылымды кері тартады. Ғалымдардың базынасы Сымбат Молдатайдың бейнесюжетінде. 


Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің тағдыры қыл үстінде. Оқу орны Білім және ғылым министрлігінің қарауынан алынып, қызметі мүлдем бөлек Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілмек. 2011 жылға дейін осы ведомствоның қамқорлығында болса да, бұл жаңалыққа университет басшылығы аң-таң. Оның үстіне ректор Ақылбек Күрішбаев өткен жылы министр Асылжан Мамытбековпен кездесіп, ғылыми автономия құру туралы келісімге келіпті.


Ақылбек Күрішбаев, С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің ректоры:


Асылжан Сарыбаевич ұсыныс берді Үкіметке. Екеуміздің келісіміміз осындай болатын. Ұсыныс беріп отырып, университеттерді алмақшы. Мен ол жерде айттым пікірімді - ол дұрыс емес. Солдат сияқты жүре береміз бе, команда келді жүрейік деп. Ертең коллективке обал істейміз.


Университет ғалымдары да бір министрліктен екіншісінің қарамағына көшіп жүруге қарсы. Өйткені, ауыс-түйіс болып жатса, 2016 жылға жоспарланған ғылыми автономия құру идеясы келмеске кетеді. Ал «автономия», ғалымдардың айтуынша, ғылымды дамытудың жалғыз жолы.


Лаура Садықова, ғылыми істер жөніндегі проректор:


Ведомстводан ведомствоға ауыстырғаннан тек қана уақытты оздырып аламыз. Біздің міндетіміз тапсырманы орындау үшін автономиялық статусқа ие болуымыз. Автономия болсақ, академиялық, қаржылық еркіндікке ие боламыз.


Нұрлан Серікпаев, агрономия факультетінің деканы:


Соңғы он жылда біздің университетті қайда ғана бұрған жоқ. Біз ауыл шаруашылық саласындағы халықаралық деңгейдегі Назарбаев университеті сияқты автономды зерттеу институтын жасамай, біздің ауыл шаруашылық саласында жақсылық болмайды.


Ауыл шаруашылығы министрлігі «сұрап отырған» тағы екі университет бар. Олар - Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Алматыдағы Ұлттық аграрлық университет. Бұл ұсынысты Министр Асылжан Мамытбеков Үкімет отырысында 27 ақпан күні айтқан. Наразылық өршіп кеткен соң, министр әлеуметтік желіде жеке пікірін жариялапты.


«Жоғарыда айтылған университеттер мен ғылыми институттарды, тәжірибелік станциялар мен білім тарату орталықтарын бәрінің басын қосып, олардың әрқайсының автономиясын жоғалтпай бірыңғай Аграрлық ғылыми-білім беру орталығын құрып, ортақ мақсатқа жұмыс істеу керек деп ойлаймыз. Осындай ұсынысты АШМ-гі мен белгілі ғалымдар бірге қосылып, концепция ретінде дайындады. Бұл концепция Білім министрлігінің Ғылым комитетінде талқыланып оң колдау тапты».


Дегенмен Білім және ғылым министрлігі Мамытбековтың бұл сөзін растаудан бас тартты. Құзырлы мекеменің айтуынша, олар әлі келісім бермеген.


Сонымен, әзірге екі министрліктің сөздері бір-біріне қарама қарсы. Ал елдегі үш бірдей аграрлық университеттің тағдыры бұлыңғыр болып тұр. Дегенмен ақырғы шешімді айтатын Үкімет. Сондықтан нақты шешім алдағы уақытта ресми жарияланады деп күтілуде.


Сымбат МОЛДАТАЙ