Иран «алтылық» міндеттеген барлық
тапсырманы мінсіз атқарып келеді. Бұл туралы
Австрияда МАГАТЭ халықаралық ұйымының Бас директоры Юкия Амано мәлімдеді.
Оның айтуынша, дәл қазір Иран Ислам республикасы
уран байытуды азайту туралы келісімнің 50%-зын орындап үлгерген. Дегенмен, ұйым басшысы ядролық зерттеулер туралы болған
қауіптің толық сейілгеніне кепілдік бере алмады. Ол үшін әлі атқарылмаған іс
көп деп түйіндеді.
Ал Иран Ислам республикасын тағы да
ядролық тексерістен өткізу мәселесі әзірге жауапсыз. Юкия Аманоның айтуынша,
Тегеранның іс-әрекетін бақылауға кететін қаржы жеткіліксіз. Нақты айтқанда,
халықаралық ұйымға бір жарым миллион еуро тапшы болып тұр.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың
24-қарашасында Иран мен «алтылық» мемлекеттері ортақ келісімге қол қойды. Яғни, Тегеран алдағы жарты жылда өзінің ядролық жоспарынан
бас тартуы тиіс. Есесіне, «алтылық» бірқатар
санкцияларын жеңілдетеді.
Сымбат МОЛДАТАЙ