$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Петропавлда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының аясы кеңеймек

AstanaTV
06.03.2014ж. 10:00
986
Петропавлда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының аясы кеңеймек

Өңірлік даму министрлігі Петропавлда құрылатын «индустриялық аймаққа» зор қолдау көрсетпек. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев осылай деді. Сапар барысында министр бірқатар нысандарды аралап көрді.

Алдымен ол «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуымен танысты. Петропавлда жаңадан құрылған «Береке» ықшам ауданы су жаңа 22 тұрғын үйден тұрады деп жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін мұнда 5 үй бой көтерді, қазір тағы 10 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Өйткені аймақта баспанаға деген сұраныс тым жоғары.

Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:

Мұнда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын кеңейту мәселесі талқыланды. Себебі, қазір пәтерлерге халық тарапынан сұраныс жоғары. Айта кетерлігі, Петропавлда коммерциялық баспаналар салына бастады. Бұл қуантарлық жәйт. Жалпы, Петропавлдың бизнес бағытында инвесторларды тарту әлеуеті жоғары. Мұнда кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келеді. Оған жаңадан құрылатын «индустриялық аймақ» зор септігін тигізеді.

Болат Жәмішев осында салынып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысын да көрді. Бұйыртса, 720 оқушыға шақталған білім ордасы үстіміздегі жылдың күз мезгілінде ашылады. Сондай-ақ, министр бірқатар өндіріс ошақтарын аралады. Мәселен, 2007 жылы ашылған Петропавл құрылыс материалдары зауыты жыл сайын өндіріс көлемін еселеп отырады. Тек биылдың өзінде кәсіпорын полиэтилен құбырларының 3200 тоннасын өндірген. Серіктестік тек ел нарығымен шектелмей, таяуда тауарларын экспорттай бастайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН